Атырау облысында мал суаратын тіршілік нәрі тапшы

Қызылқоға төңірегінде малға қазірдің өзінде су тапшы. Өзен, суаттар құрғап қалған.

Атырау облысындағы бұл аудан шаруаларының айтуынша, шілдеде жағдай тіптен қиындап кетеді. Сөйтіп, төрт түліктің басын көбейтпек түгілі қолда барын ұстап тұрудың өзі мұңға айналып барады.

Шаруалар қазір төрт түлігін тереңдігі 20-25 метр болатын құдықтан суарып отыр.

Жеке кәсіпкер Талғат Сармановтың айтуынша, шілдеде  құдықтар да құрғап қалады. Амалсыз қыстақтан көлікпен тасиды. Былтыр бірнеше жерден құдық қаздырып көргенімен, одан нәтиже болмапты. Мыңғырған малы бар өңірдің уақыт өте сусыз қалатын түрі бар.

Талғат Сарманов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 4-5 жерден бұрғымен қазып жігіттер, шығара алмады суды. Су жағы қиындау болып тұр. Қыста күн қатты болды, созылып кетті. Жер де әлі көгермей тұр. Әлі салқындық бар. Осы жерде қазір 3 құдық бар жайлауда. Қыстақта 2 құдық бар. Екі құдықтан алып тұрмыз. Қыста енді қармен жайлап сурамыз ғой малды. Тереңдігі 17 метрдей болады. Терең өте. Бірақ ертең шілдің кезінде қиындау болайын деп тұр. Азайып кетеді.

Соңғы екі-үш жылда Ойыл мен Сағыз өзендеріне су келмеуі салдарынан шаруалар тығырыққа тірелген. Әсіресе малы көп қожалықтарға қиын болды. Кейде құдықтан да қайыр жоқ. Жазда суы кеуіп кетеді.

Айдулат Кенжебеков,  аудан әкімінің орынбасары:

- Жер асты су қорын анықтайтын облыста Атырау гидрогеология деген шаруашылық мекемесі бар. Шаруа қожалықтарына айтып жатырмыз сол мекемеге барып арнайы анықтауға болады. Ол жерде барлық отчеттар, барлық жерасты су қорлары анықталған. Қаншалықты жерасты су қоры бар, оның минералдануы қанша, соны анықтап береді. Қай жерде су қоры бар екенін анықтап берген жағдайда, барып ұңғыма қазуға мүмкіндік бар.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, құдық қаздырғандарға қолдау көрсетіледі. Құбырлы және шахталы құдық қаздырғаны үшін шаруаларға кеткен шығынның 50 проценті мемлекет тарапынан өтеледі.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин