Ақтауда ескірген қоғамдық көліктің 95 проценті жаңартылады

Былтыр аймақ әкімдігі «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе жоба жасақтаған еді.

Отандық зауытта құрастырылған 18 автобус лизингтік бағдарлама арқылы қараша айында сатып алынды. Әрқайсының бағасы 40 млн теңгедей. Сондай-ақ тасымалдаушылар есебінен 30 қоғамдық көлік әкелінді. Қазір олар қалаішілік бағыттарда және Мұнайлы ауданына қатынайды. Биыл шаһар билігі тағы 16 автобусқа тапсырыс берсе, тағы 10 қоғамдық көлікті жеке кәсіпкер алдыртып жатыр. Қала халқын қуантқан тағы бір жаңалық - биыл сплит-жүйе және әжетханамен жабдықталған 20 аялдама іске қосылады.

Нұрдәулет Қилыбай, қала әкімі:

- Шілденің ортасында алғашқы аялдамалар Ақтаудың көшелерінде пайда болады. Жалпы алғанда 50-ге жуық аялдама жасауымыз керек. Биылғы жылға жоспарымыз 20 дана. «100 мобильді павильон» сияқты етіп заңдастырдық. Кәсіпкерлерді анықтадық. Тапсырыс беріп те қойдық. Wi-Fi қоямыз деп отырмыз. Әжетхана мен дүкен болады ішінде. Септиктерге қосып береміз өзіміз. Әжетханалары жұмыс жасап тұруы үшін.