БҚО-да механизаторлар жетіспейді

Батыс Қазақстан облысында механизаторлар жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір көктемгі егіс науқанының қызған шағы. Алайда, маман тапшылығы қолбайлау болып отыр. Диқандар ылғал жабу жұмыстарын аяқтап, тұқым себуді бастап кетті. Биыл аймақ шаруалары 515 мың гектар алқапқа дәнді-дақылдар егуі тиіс.

Виталий Сорокин бала жастан техникаға әуес болыпты. Әкесімен бірге трактор тізгіндеп, шаруашылыққа ерте араласады. Қазір жасы жетпіске келсе де, шаруа қожалықтарының бірінде еңбек етіп жүр. Өйткені өңірде механизатор маман тапшы. «Жалақым жоғары. Заманауи техниканың да тілін таптық. Бірақ әр нәрсе уақытымен болғаны дұрыс қой. Біз демалысқа кетіп, орнымызды жастар басса», - дейді еңбек адамы.

Виталий Сорокин, механизатор:

- Жастар жалқау. Мен 10 жыл болды зейнеткермін. Бірақ әлі трактор айдап жүрмін. Мына алып техниканың қуаты орасан. Жер де жыртады, ылғал жабу мен себу жұмыстарын да атқарады. Интернет арқылы алдын ала берілген бағдарламаға сай өздігінен қозғалады. Мен тек жалпы жұмыс бағытын бақылап отырамын.

Жоғары жалақы, интернетпен басқарылатын қуатты Һәм ақылды техника жастарды бәрібір баурай алмай тұр. Мәселен, Алексей Андрейщевтің шаруа қожалығы биыл 3 мың гектр алқапқа арпа, бидай, сұлы мен құмай еккен. «Техника паркін жаңарттым. Мемлекет жанар-жағармай жағынан көмектесті. Енді әр гектарға тиісті субсидияны қайтарса, артық болмас еді. Дегенмен, біз үшін ең өзекті мәселе – маман ташылығы», - дейді ол.

Алексей Андрейщев, шаруа қожалығының басшысы:

- Шынжыр табанды техника бойынша ескі-құсқы тракторлардан арылдық. Бірақ басты себеп олардың ескіргенінде де емес. Өйткені шаруашылықта техника тілін тілін білетін маман жоқ. Ол барлық шаруа қожалықтарын толғандырып отырған өзекті мәселе. Бұрын ауыл шаруашылық мамандарын училищелер мен колледждерде дайындайтын. Қазір еңбек етіп жүрген мамандардың бәрі елуді еңсерген, Кеңес заманының кадрлары. Жастар бұл салаға қызықпайды.

Көктемнің әр күні жылға азық. Осыны ескерген шаруа қожалықтары дала төсін дүбірге толтырып, егістік алқаптарды еңбек майданына айналдырған. Бәйтерек ауданының диқандары биыл 125 мың гектар алқапты игеруге ниетті. Бау-бақша дақылдарына ерекше көңіл бөлініп отыр.

Серікқали Ищанов, Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Биылғы қыс диқан қауымы үшін жайлы болды. Өйткені күздік дақылдың үсіп кетуі тіркелген жоқ. Жердегі ылғал мөлшері 60 сантиметрге жуықтайды. Бұл биылғы сиыр жылында егіннен мол өнім алуға қолайлы алғышарт. Шаруа қожалықтары тыңайтқыштардың тиімді түрлерін қолданып, топырақтың сапасын арттыруға күш салып жатыр.

Механизатор мамандардың орташа жалақысы 120 мың теңге. Шаруашылық басшылары «көктем мен күз айларында олардың табысы еселене түседі», дейді. Айта кету керек, былтырдан бері өңірдегі кәсіптік техникалық колледждерді машинист тракторшы мамандығы бойынша 216 түлек тәмамадаған. «Бірақ олардың игерген кәсібіне бет бұрып, трактор тізгіндей қоюы екіталай», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...