Елордада жүргіншілер жолының сапасы сын көтермейді

Жаяу серуендейтін және велосипедпен көп жүретін елорда тұрғындары жүргіншілерге арналған жолдардың сапасына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, қала орталығынан алыстаған сайын жүру қиындай түсетін көрінеді. «Тіпті кей ірі көшелердің жиегіне асфальт төселмегендіктен жаңбырлы күні балшыққа батамыз», - дейді астаналықтар. 

Алексей Барановскийдің велосипедпен жүргеніне 25 жылға жуықтапты. 75 жастағы қария баратын жеріне негізінен осы қос дөңгелекті темір тұлпарымен жетеді. Сондықтан қаланың барлық ауданын, олардағы жүргіншілер жолының жағдайын бір кісідей біледі. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары жиі жүргізіледі. Алайда жаңадан төселген тас жолдардың сапасы сын көтермейтін көрінеді.

Алексей Барановский, қала тұрғыны:

- Тас жолға сәл су тисе болды, үгітіліп шыға келеді. Әрі төмендеп, астындағы қиыршықтарын су ағызып кетеді. Содан барып ойықтар пайда болады. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кейде қысқа қарай асфальтты қырып, беткі қабатын алып тастайды. «Неге орнына жаңасын төсемейсіңдер», деп сұрадық. «Ақша жоқ», дейді. Содан кейін күз бен көктемде балшық кешіп жүреміз.

Қария бұл жағдайдың көбіне қаланың орталығынан алыстай бастағанда кездесетінін айтады. Сондықтан жауаптылардың осыған назар аударуын сұрап отыр.

Алексей Барановский, қала тұрғыны:

- Тілендиев көшесінің бойымен жүре берсеңіз, алдыңыздан тағы да ойықтар шығады. Биыл байқағаным, көп жерде жүргіншілер жолы жөнделіп жатыр. Енді солардың сапасына көңіл бөлінсе жақсы болар еді.

Бұл – жалғыз Тілендиев көшесіндегі жағдай емес. Мәселен, Қабанбай батыр мен Ұлы дала көшелерінің қиылысында көптеген дүкендер, сауда орталықтары және тұрғын үй кешендері, тіпті беделді университет орналасқан. Алайда жергілікті тұрғындар «жүргіншілерге жағдай жасалмаған» деп наразы. «Әсіресе, тас жол төселмегендіктен, көктем мен күзде айнала аяқ алып жүргісіз күйге түседі», - дейді елордалықтар.

Блиц 1:

- Мына жерге асфальт салса. Өйткені адамдарға ыңғайсыз. Велосипедпен жүретіндерге. Балалардың жүргеніне. Жұмысқа барғанда аяғымыз саз болады жаңбыр кезінде.

Блиц 2:

- Жастар жүгіріп өтеді. Ал егде адамдар мұндай жолмен жүруі қиын. Сондықтан жүргіншілер жолы тегіс болса жөн болар еді. Астанамыз гүлдеп, үнемі жайнап тұрса дейміз.

Тұрғындар базынасын жеткізбек болып, бас қаланың әкімдігіне сұрау салған едік. Алайда жауапты мекеме өкілдері бұл мәселеге қатысты пікірі білдіруден бас тартты.