Түркістан облысына Hayat-Vax вакцинасының 17 мың дозасы жеткізілді

Түркістан облысына Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген Hayat-Vax вакцинасының 17 мың дозасы жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдың соңына дейін осы вакцинаның 55 000 және «Спутник V» вакцинасының 29 305 дозасы келеді деп күтілуде. Сондай-ақ өңірде вакциналау пунктінің саны артты. Бұған дейін Түркістан облысы бойынша 80 медициналық мекемелерде инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келсе, қазір олардың саны 102-ге жетті. Бүгінге дейін облыста ковидке қарсы екпені 163 мыңнан астам адам салдырған. Екінші компонентті 40 мыңға жуық адам қабылдаған. Жалпы 1 ақпаннан облысқа COVID-19 ндетіне қарсы вакцинаның 177 мыңнан астам дозасы жеткізілген.

Алтын Досанова, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы бүгінге дейін өңірде вакцина салдырғандардың арасында өзін жайсыз сезініп, шағымданғандар тіркелген жоқ. Кейбір адамдарда дененің тітіркенуі мен аздап ауырсыну, орны қызару сияқты белгілері болады. Бірақ ол қалыпты жағдай. Сондықтан бұл вакцинаның бұған дейінгі «Спутник V» мен «QazVac» вакциналарынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ.