Түркістан облысында кәріз құдығына түсіп кеткен екі тұрғын аман қалды

Түркістан облысының полицейлері тереңдігі төрт метр болатын кәріз құдығына түсіп кеткен екі тұрғынды аман алып қалды, деп хабарлады Polisia.kz.

Арыс аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, көмекке шақырады. Әйелдің айтуынша, Ақынбеков көшесі бойындағы канализацияны тазалауға құдыққа түскен қызметкерлер шыға алмай, өміріне қауіп төнген. Хабарламаны алысымен сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Жақсылық пен оның әріптесі Асанхан Сыздықов екеуі 2-3 минут ішінде оқиға орнына жетеді.

Полицейлер келгенде қызметкерлер құлап кеткен кәріз құдығының айналасында бірнеше тұрғындар қаумалап көмектеспек болып тұрған. Тәртіп сақшылары, тұрғындармен бірге төрт метрге жуық тереңдікке құлаған адамның бірін жіппен тарту арқылы бес минутқа жетер-жетпес уақытта шығарып алады. Кәріздегі иістен уланған тұрғындар жедел жәрдемдегі дәрігерлерге тапсырылып, ауруханаға жеткізілді.

Белгілі болғандай, кәріз (канализация) тазалауға жұмысқа келген қызметкерлер төменге түскендерінде белдеріндегі жіп үзіліп кеткен. Бірі құдықтың беткі жағында ілініп қалса, екіншісі тереңіне барып құлаған. Жансақтау бөліміне түскен екі қызметкердің де жағдайы жақсы.