Атырау облысында 12 тоннадан астам балық қырылды

Атырау облысында 12 тоннадан астам балық қырылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2-9 мамыр аралығында Махамбет ауданына қарасты Бесікті ауылындағы «Безымянный» су айдынынан 7 тоннаға жуық, ал Ақтоғай ауылындағы Бақсай арнасынан 5 тоннадай өлі омыртқалы жануар шығарылыпты.

Сонымен қатар Құрманғазы ауданындағы Шора өзенінің бір сағасында 700 келідейі жиналып алынған. Мамандардың айтуынша, уылдырық шашуға жағаға шыққан су маржандары ағысқа ілесе алмай қалған көрінеді. Балықтың өлексесі өткен жылдармен салыстырғанда 5 есе көп. Өйткені, биыл Жайық тасып, құрғап жатқан арналарға су жүре бастаған. Алайда, көлшіктердің таяз болуы салдарынан осындай жағдай болып отыр. Бүгінге дейін 34 тоннадай балық құтқарылды.

Әсел Ищанова, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Балық қырылу негізінде бұрынғы жылдары болатын. Бірақ ол кезде мелиоративтік аулау арқылы жүзеге асыратынбыз. Мынадай 10 тонна балық өлмейтін. Бастап байқалған кезде алдын алу шарасын ұйымдастыратынбыз. Біздер кислород жеткілікті болады, судың деңгейі қалай, солай балық кіреді деп ойладық. Ал бұл жерде балық көп кіріп тұр. Бүгінгі күні барлық су айдындары бойынша жағдай бірқалыпты. Балық қырылуы фактілері байқалмайды.