Оралдағы сауда орталығында вакцина салына бастады

Орал қаласында сауда орталығында коронавируска қарсы екпе салу пункті ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді саудагерлер мен тұтынушылар кез келген уақытта сол жерден вакцина ала алады. Алғашқы күннен-ақ препаратты қабылдауға келгендердің қарасы аз емес. Дәрігерлер ресейлік «Спутник V» және арабиялық «Науаt-Vax» вакциналарын қолданып жатыр. Тұрғындар қай дозаны қабылдайтынын өзі таңдайды. Облысқа ақпан айынан бері қауіпті індетке қарсы 100 мыңнан астам вакцина жеткізілген. 60 мыңға жуық адам дозаның І компонентін салдырды. Осы айда Біріккен Араб әмірлігінен 17 500 дана «Науаt-Vax» вакцинасы алынған.

Оксана Чабан, дәрігер:

– Түске дейін «Спутник V» вакцинасын 16 адам, ал «Науаt-Vax» вакцинасын бір адам қабылдады. Келген тұрғындардың денсаулығын тексеріп жатырмыз. Әзірге шағым білдіргендер болған жоқ. Сауда үйінде таңғы сағат 9-дан ғимарат жабылғанша жұмыс істейміз.

Болат Никанов, қала тұрғыны:

– Вакцина салдырып жатырмыз. Өзіміздің денсаулық үшін. Ауырмайық, бәрі тыныш болсын.