Зайсанда белгісіз індеттен ұсақ және ірі қара мал қырылып жатыр

Редакциямызға хабарласқан тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай сәуірдің аяғынан бері жалғасып келеді.

Содан бері Шілікті, Жалши, Қарасай сынды ауылдармен қатар жекелеген аулада малға тиген індет тыйылар емес. Керісінше, күн санап күшейіп барады дейді ондағы жұрт. Мына бейнежазба Шілікті ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде түсірілген. Мұнда 100 бастан астам қозы қырылып қалған. Алдымен малдың ауыз және мұрын қуысындағы шырышты қабаттарын жара басып, кейін аяғын баса алмай қалатын көрінеді. Ақыры шөп жеуден қалып аштан өледі дейді ауылдықтар. Жан ұшырған шаруалардың айтуынша, ветеринар мамандар бірнеше рет келіп, сараптама алған. Алайда нәтижесі дайын емес. Тұрғындар оған дейін қоралар бос қала ма деп қорқады. Өйткені қазір жайылымда жатқан өлексе көбейіп кеткен.

Айбол Лекеров, шаруа қожалығының өкілі:

– Біздің таңғы жұмысымыз мал өлексесін тазалау, ауырғанын емдеу, ахуал күнделікті қиындап барады. Қайдан, кімнен көмек сұрарымызды білмей, сіздерге шығып отырған жайымыз бар Ауыл карантинге жабылған жоқ, ешқандай шара атқарылып жатқан жоқ бүгінгі таңда. Бұл дерттің адам өміріне қаншалықты қауіптілігі бар, оны да білмейміз, бала-шағамыз, өзіміз малмен етене араласып жүрміз.

Бұл оқиға біздің тілшілердің назарында. Олар сала мамандарынан мән-жайды анықтайтын болады.