Алматыда дәстүрлі Бекхожин оқулары өтті

Іс-шара биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр.

Онлайн конференцияда «Баспасөздің болашағы: Болжамдар мен практикалық шешімдер» атты тақырып талқыланды. Оған ғалымнан тәлім алған шәкірттері мен ізін жалғаған мамандар, ұрпақтары және студенттер қатысты. Жиын барысында қазақ журналистикасын жетілдіру, заманауи өзгерістерге лайықты ету жолдары айтылды. Қайыржан Бекхожин ұлттық баспасөз тарихы бойынша бірінші болып кандидаттық және докторлық диссертациялар жазған. Оның тұңғыш қазақ журналы «Айқап» туралы зерттеулері ғылыми айналымға енген үлкен жетістіктердің бірі болды. Заман өзгергенмен Қайыржан Бекхожиннің ұстанымы ешқашан өзгермейді дейді ізбасарлары.

Сағатбек Медеубекұлы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ журналистика факультетінің деканы:

– Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда мазмұны ұлтқа, мемлекетке қызмет ету болғанымен пішіні өзгерді, амал-тәсілдері де өзгерді. Қазір ақпаратты кез келген адам алып тарата алады, бірақ қай тұрғыдан келгенде Қайыржан Бекхожиндардың ұстанымы қалады. Ең бірінші ұстаным – ұлтқа, мемлекетке, отанға қызмет ету.