427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда 348 млн теңгеге абаттандырылған жағалау бұзылып жатыр

  • 136
  • UPD: 21:03, 12.05.2021

Қостанайда сегіз жыл бұрын сәнін келтіріп, мәрмәрдан өрген жағалауда жүру қорқынышты болып барады.

Жақтау тастары құлап, төсеніштері шашылып қалған. 2013 жылы Тобыл өзенінің осы жағалауын абаттандыруға 348 млн теңге бөлінген еді. Бірақ осыншама шығынның игілігі он жылға да жетпеді.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Мына жақтаудың бір бөлігі суда, ал қалғаны осылай жатыр. Тастар бекітілмеген. Сыдырылып қалған. Салмағы да зілдей. Мынаның салмағы шамамен 10 келідей болар. Жалпы осы баспалдақпен сіз қайықтарды жалға беретін орынға жетесіз. Сондықтан ең қорқыныштысы – мына қабырғадағы әрең бос тұрған тастар. Егер қатты жел тұрып биіктен құласа, адам басын жарып жіберуі мүмкін. Ал жаз кезінде мұнда ұзын-сонар кезек болады.

Абырой болғанда, жеті жыл ішінде қайғылы жағдайлар тіркелген жоқ дейді кәсіп иесі. Қабырғадағы мәрмәр тастар түнгі уақыттарда, әсіресе қыс мезгілінде құлаған. Әуел бастан мұнда таза ауамен тыныстауға келетіндер көп жиналатын. Қазір олардың қатары едәуір сиреген.

Гоча Мамешев, зейнеткер:

– Қараңғы кезде аяқ алып жүре алмайсың. Жарық шамдарынан көзің ауырады. Барынша бәрін үнемдеуге тырысқан. Сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланғаны көрініп тұр.

Қаланың сәніне айналған «Шағала» жағалауының бүгінгі сиқы мынау. Тас төсеніштер үгітіліп, плиталар жан-жақта жатыр. Құрылысшылар цементті барынша үнемдеуге тырысқандай әсер қалдырады. Жағалау бойымен серуендеу қорқынышты. Себебі қашан және қай жерде тас төсеніштің опырылып түсетінін білмейсің.

БЛИЦ:

– Әсіресе, балаларымен келетін ата-аналар аса сақ болғаны жөн. Қырағылық танытпасаңыз, балаңызға қауіп төнеді. Мұнда шұңқыр көп. Бала әп-сәтте құлап кетуі мүмкін.

– Жан-жақта бәрі қирап жатыр. Гүлдер отырғызылмаған. Сәнін келтіріп, айналаны абаттандырса болады ғой. 

Демалыс орнының сәулетін келтіруі тиіс тас мүсіндер де көңіл құлазытады. Балықшы қармақсыз отыр, ал дельфиннің сыртқы сылағы үгітіліп, құйрығы түсіп қалған. Оны цементпен желімдеп, кірпішпен бекітіп қойыпты. Әкімдік жағалауды қалпына келтіруді оның тазалығымен айналысатын мердігер компанияға жүктемек.

Самат Жанділдин, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-смета құжаттары әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан кейін жұмыс ауқымы белгіленеді. Соған орай бюджеттен қаржыландыруға өтініш беріледі.

Жағалауды қалпына келтіруге жұмсалатын қаржы мөлшері қандай болатыны әзірге белгісіз. Бірақ қомақты сома шығындауға тура келетіні айдан анық.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы