Қарағандыда 162 қыз-келіншек алаяқтардың арбауына түсіп қалды

Аса қымбат косметикалық қызметке жүгінген арулар несие рәсімдеп, алдын ала төлем жасаған.

Ал сұлулық салонының қожайындары ақшаны жиып алып, із суытқан.

Мұндағы косметикалық қызмет түрлері өте қымбат тұрады. Ақшаң жетпесе, мамандар бірден несие рәсімдеуді ұсынады. Осылайша қаншама адам алдын ала төлем жасаған.

Екатерина Тугайбей, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Мұның алаяқтық әрекет екені айтпаса да түсінікті. Соңында сұлулық салонының орнын сипап қалдық. Не алған қызмет жоқ, не ақшамыз жоқ.

Сәуле Ермекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Мен қаншама ақша салдым. Косметикалық қызмет үшін алдын ала төлем жасадым. Әлі құйған ақшамның жартысын да пайдаланған жоқпын. Енді қалған соманы қайтаруды талап етемін.

Бұл аталған ғимарат төңірегіндегі алғашқы дау емес. Бұған дейін де мұнда сұлулық салоны жұмыс істеп тұрған. Онда да алаяқтар біраз адамды сан соқтырған болатын. Енді міне атауын өзгертіп, тағы да ашылып отыр.

Сәбина Махмутова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Мен әуелі тегін кеңес алуға келдім. Мұндағы мамандар бұрыңғы салонға еш қатысымыз жоқ деп сендірді. Сөйтіп, түрлі жеңілдіктер туралы құлағыма құйып, ақыры құжатқа қалай қол қойғанымды өзім де байқамай қалдым.

Қазір салонның есігі жабық, қызмет көрсетушілердің телефоны өшірулі. Алданғандарын енді түсінген жәбірленушілер күнде жиналып, ақшаларын талап етіп жүр.   

Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

– Аталған мекеменің алаяқтық ісі бойынша полицияға жәбірленушілерден 162 арыз-шағым түсті. Оларға келтірілген шығын көлемі шамамен 25 миллион теңгені құраған. Бүгінгі таңда тергеу бөлімімен аталған мекеменің екі қызметкеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы, 4 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе кемінде 250 миллион теңге айыппұл төлейді.

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев