425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда ауаны ластайтын көліктерге тексеріс күшейді

  • 121
  • UPD: 21:01, 12.05.2021

Аймақта кешенді экологиялық шаралар басталды.

Егер көрсеткіш экологиялық нормативтерге сәйкес келмесе, жүргізушілер айыппұл төлейді.

Тексеру жұмыстары дизельмен жүретін қоғамдық көліктерден басталды. Сала мамандары арнайы құралдың көмегімен сыртқа шығарылатын көлік түтінінің шекті мөлшерін бақылады.

Мақсұт Хязархан, облыстық экология департаменті зертханасының маманы:

- Ескі көліктерде, мысалы 2000 жылғыларда, оларда орташа көрсеткіші 3-тен асса, әрине, айыппұл салынады. Қозғалтқыштарын жөндеуге ұсыныс жасаймыз. Сол себепті біз қазіргі таңда қала ішіндегі барлық жүргізушіні ескертуге тырысамыз.

Серік Әміренов тізгіндейтін автобуста шекті мөлшерден асыру анықталған жоқ. Жүргізуші көлігінің ауаны ластамауы үшін қосалқы бөлшектерін тоздырмай, қозғалтқыштың майын үш ай сайын ауыстырады.

Серік Әміренов, жүргізуші:

– Паркіміздегі автобустар жаңа. Менің көлігімнің техникалық жағдайы жақсы деуге болады. Жанар-жағармайдың жақсысын ғана пайдаланамын. Айыппұл төлегім келмейді, сондықтан көлігімді күтіп ұстаймын.

Осы жолы 30-ға жуық шағын автобус тексеріліп, 14 бұзушылық анықталды. Қолданыстағы экологиялық кодекс бойынша шығарылатын газ нормадан асса, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жүргізушілер, сонымен қатар көліктің қосалқы бөлшектерін ауыстыруға міндетті. Алдағы уақытта тексеріс жұмыстары бензинмен жүретін құралдар арасында да жүргізілмек.

Қадрия Тлешова, облыстық экология департаменті зертханасының бас маманы:

– Ертеңнен бастап стационарлы бекеттер орнатылады. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бензин тұтынатын машиналардың ауаны қаншалықты ластайтынын бақылаймыз. Бензин қозғалтқыштарын жіті тексереміз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Сала мамандарының айтуынша, автокөліктердің қоршаған ортаға зиян келтіру деңгейі олардың шығарылған мерзімі мен моделіне байланысты. Мәселен, бұл маршруттық таксилер 2014 жылы шығарылған. Яғни, олар үшін түтін шығару коэффициенті - 1,5. Айта кетейік, биылғы жылдың шілдесінен бастап, жаңартылған экологиялық кодекс қолданысқа енгізіледі. Құжатқа сәйкес шекті нормадар артық газ шығарылған көлік иелеріне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Өткен жылы пандемия салдарынан тексеріс жұмыстары жүргізілмей келді. Міне қайтадан жанданды. Ал екі жыл бұрын ірі автопарктерді есептемегенде, 300-ден аса көлік қаралған. 76 бұзушылық анықталды. Енді жаңа экологиялық кодекске сәйкес тексеру шаралары күшейтіледі.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы