Түркістандық мектеп оқушылары әлі күнге дейін сырттағы әжетханаға баруға мәжбүр

Мұндай жағдай тек ауылдық жерлерде ғана емес, Түркістан қаласындағы білім ошақтарында да кездеседі.

Бірінің ішінде әжетханасы мүлде жоқ болса, бірі жұмыс істемейді.

Жауаптылар сырттағы дәретханаларды ішке кіргіземіз де уәде бергенімен, мәселе шешілмеген.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Түркістан облысы еліміздегі мектебі көп аймаққа жатады. Мұнда 900-ден астам білім ошағы бар. Осыдан 2 жыл бұрын өңірдегі 600-ге тарта мектептің әжетханасы сыртта орналасқан болатын. Бірақ жергілікті билік өткен жылдың соңына дейін мектеп ауласындағы әжетхананың барлығын ішке кіргізіп, бұл мәселеге біржола нүкте қоямыз деген еді. Мәселе расында толығымен шешілді ме? Біз бұған көз жеткізу үшін бірнеше мектепке бас сұқтық.

Бұл Түркістан қаласындағы Шарап Ниязов атындағы мектеп. Білім ұясы 350 балаға арналған. Қазір екі ауысымда 700-і оқып жүр. Біз бірден іштегі әжетханаға бет алдық.

Іште әжетхана болғанымен судың қысымы төмен дейді мектеп басшылығы. Жағымсыз иіс шығып кететін болғандықтан есігін жауып, құлыптап қойған. Оның үстіне әжетхана құбыры орталықтандырылған кәріз жүйесіне де қосылмапты.

Үсен Деметов, Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектебінің директоры:

– Іштегі туалеттің канализациясы толып кетуіне байланысты бүгінгі таңда істемей тұрғаны рас.

Ал бұл шаһардағы Ғани Мұратбаев атындағы мектеп. Мұнда 626 бала білім алады. Мектеп директорының міндетін атқарушы Жанар Киізбаеваның айтуынша, бұған дейін білім ошағының ішінде әжетхана болмаған.

Жанар Киізбаева, Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы ора мектеп директорының м.а:

– Оқушылар сыртқа барады. Ішке әжетханаға ақша қарастырылған. Биыл қаладағы бірнеше мектепке ішке орналастырып береді деп жатыр. Осы мамыр айынан бастайды. Қанша қаржы бөлінгенін мен білмеймін.

Ал бұл Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернаты. Мұнда 600 бала білім алады. Оның 300-ге жуығы жатып оқиды. Осыдан екі жыл бұрын бұл интернаттың ішінде әжетхана жоқ болатын. Балалар сырттағысына баратын.

Бұл 2 жыл бұрынғы түсірілім. Одан бері жағдай өзгерді ме? Ішке кіріп көрейік.

Бұл мектепте әжетхана жоқ еді, былтыр орнатты.

Әбдірзақ Өтекеев, С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатының директоры:

– Мектептің ішіндегі әжетханалар қалпына келтіріліп, қазір жүз пайыз істеп тұр. Сырттағы қазір пайдаланылмайды. Балалар іштегіге барады.

Мектептердегі әжетханалардың қашан толық ішке көшірілетін білмек ниетпен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына бардық. Ондағылар өңірдегі мектептердің 80-90 процентінің әжетханасы ішке көшірілгенін, қалған 59 мектептің мәселесі биыл шешілетін жеткізді.

Амантай Өсербаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы олардың барлығының жобалық-сметалық құжаттары жасалып қойған. Дайын тұр. Алдағы бюджетті нақтылау барысында бюджеттік комиссияға ұсынатын боламыз. Бюджет қаралатын болса, биылғы жылы әжетхана мәселесі толықтай шешіледі.

Ал облыс орталығында Ататүрік мектеп-гимназиясында ғана «Қауіпсіз мектеп» жобасын жүзеге асырылған. Мұндағы 50-ге жуық бейнебақылау камерасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дейді мамандар. Білім саласына жауаптылардың айтуынша, бұл жүйені шаһардағы барлық мектепке енгізу жоспары бар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы