Павлодар облысында үй құстарын жұқпалы ауруларға қарсы егу қарқындады

Павлодар облысында үй құстарын жұқпалы ауруларға қарсы егу қарқындады

Павлодар облысында үй құстарын жұқпалы ауруларға қарсы егу ісі қарқын алды. Залалды тұмаудың алдын алу үшін 500 мыңға жуық құсқа вакцина салынады.

Препараттың жартысынан көбі алынған. Екпе жұмыстары бірінші кезекте облыс аумағында орналасқан төрт бірдей құс фабрикасының айналасындағы ауылдарда жүргізілді. Өткен жылы да Павлодар облысының бес ауданында тіркелген қауіпті індеттің кесірінен 30 мыңға жуық құс жойылған еді. Оның үш мыңы тұмаудан қырылды. Республикалық эпизоотикаға қарсы қызметтің мәліметіне сүйенсек, келтірілген шығын толық өтелген. Тек 88 миллион 600 мың теңгенің өтемақысы төленіпті. Қазір мал дәрігерлері қауіпті жерлерді өңдеумен айналысу үстінде. Құс тұмауына қарсы егу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қаланың іргесінде тұрған Кенжекөл ауылында бұл жұмыстар аяқталып қалған.

Аслан Жасұланов, Кенжекөл ауылындағы ветеринарлық бөлімше меңгерушісі:

- Адамдардың келісімі бар. Өздері  хабарласып шақырып жатыр. Бүгінгі күні 600 құс егілді. Вакцина жасау жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Кенжекөл ауылында 1208 құс бар.

Төлеген Анапиянов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі:

- Вакцинаның 503 мың мөлшері бөлінген. Бірінші жартыжылдық бойынша 271 мың мөлшері жеткізілді. Былтыр құс тұмауы тіркелген аудандар қатаң бақылауға алынып отыр.  Жалпы егу жұмыстары  барлық жерлерде бірдей атқарылып жатыр.