Жуалы ауданының халқы сапасыз судан түрлі науқасқа шалдыққан

Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғындары арықтың суын ішіп күнелтіп отыр. Кейбір ауылдарда ауыз су проблемасы мүлдем шешілмеген. Лас суды пайдаланғаннан балалардың денесіне жара шығып, шетінен ауыра бастапты. Халық мәселені талай рет көтеріп, жанайқайды жергілікті билікке жеткізгенімен одан нәтиже болмаған. 

Тіршілік нәрінің азабын Қайрат ауылындағы Абай көшесінің тұрғындары тартып отыр. Олар мына сайдың суын тұндырып пайдаланады. Осыған киім, ыдыс-аяқтарын жуады, тіпті балаларын да жуындырады екен. Соңғы кездері әр үйде бүлдіршіндердің ауыруы жиілеген, денелерін жара басып кеткен.

Роза Оразова, Қайрат ауылының тұрғыны:

- Ішіндегі мына алып тастап жатқандарым мусор. Кеше қайта бір қабын жинап тастап едім. Ішінде шприці бар, памперсі бар. Осының бәрін тазалап аламыз шетке. Содан кейін барып мына жерден былай су аламыз. Алғанда да ішінің бәрі, жартысы қоқым болады. Бұның өзі де болмайды ертең майдан кейін вообще болмайды. Жоғарыдан барып ашамыз. Мына көршілердің бәрінің огороды бар. Өшіріп тастайды. Бұл суға да зар боламыз ертең.

Айжан Исмаилова, Қайрат ауылының тұрғыны:

- Бестен, бес жарымнан тұрып су алмасаң и то анау көшенің әйелдерімен өз басым қырылып жүріп су аламын. И то оның өзі жарты сағатқа. Ал ішетін суды біз тасып ішеміз. Қыстың күні әсіресе шанамен, арбамен сондай нәрселермен су тасиды. Баклажка-баклажка болып.  

Қазір ауыз суды бірі таныстарының үйінен, енді бірі мектептен тасып ішіп отыр. Ауру-сырқау жиілеген соң тұрғындар әкімдікке шағымданып, бірнеше рет барған. «Жылда құрғақ уәдемен шығарып салады» дейді тұрғындар. Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң бірнеше жерден құдық қазып, проблеманы өздері шешпек болыпты. Алайда көп ұзамай құдықтың суы тартылып, жағдай қаз қалпына түскен.

Света Тілеуова, Қайрат ауылының тұрғыны:

- Жара шықты. Басына дейін шығып кетті. Аудан әкіміне жолықтым.  Ауылдың әкімінен ештеңе шешілген жоқ. Біз ештеңе істемейміз. «Жуалы суға» барыңыздар дейді. «Жуалы су» айтады бізге ақша бөлінбесе біз оны жүргізіп бере алмаймыз. Пәленбай ақша керек деп айтады. 

Жұрт «бір мекемеден екіншісіне доп құсап домалаудан шаршадық» дейді. Әкімге жолданған 500 шағымның 300-і осы суға қатысты көрінеді. Ал өзінің сөзіне сенсек, Қайрат ауылындағы Абай көшесіне алдағы үш айда су жүйесі тартылады. Алайда «ол жаққа судың көтерілу-көтерілмеуі екіталай» дейді аудан әкімі.

Олжас Қаржауов, Жуалы ауданының әкімі:

- Су бар. Бірақ халық көбейген сайын басындағы жасалған құбыр оны тарта алмайды. Құбырдың көлемін көбейту керек. Ең басты күрделі мәселе су беретін тоғандардың, құбырлардың көлемі көбеймеген. Халық үш есе көбейген, құбыр сол баяғы. 

Жалпы Жуалыда 49 елді мекеннің тең жартысында орталықтандырылған су жоқ. Жерасты жүйелері зерттелмеген. Қазір аудан орталығының 8 көшесінде таза су тапшы. Мұндағы су жүйелері 10 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.  

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә