Жүктілігіне байланысты демалысқа шығатын әйелдер ХҚО-ға құжат тапсырмайды

Қазақстандықтар жүкітілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді проактивті түрде рәсімдей алады.

Бұл үшін жұмыс берушілер қажетті мәліметті электронды еңбек биржасының порталы арқылы беруі тиіс. Енді жүктілігіне байланысты демалысқа шығатын әйелдер халыққа қызмет көрсету орталығында құжат тапсырмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жұмыс беруші қызметкердің демалысқа шығу фактісін электронды еңбек биржа порталындағы жеке кабинетте тіркеуі қажет. Көрсетілетін қызметті алушыға SMS-хабарлама арқылы проактивті форматта әлеуметтік төлем тағайындауға келісімін алу бойынша сұрау түседі. Оған үш күн ішінде жауап беруі тиіс.