Өрттен баспанасыз қалған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілуде – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысының жұршылығы Риддердегі өрттен зардап шеккен отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Риддердегі алапат өрттен кейін шығысқазақстандықтар жедел қаражат жинап, гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Азық-түлік пен киім-кешек тиелген жүк көліктері өрттен зардап шеккендерге жіберілуде.

«Өңір халқы ел басына күн туғанда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білді. Қазірдің өзінде облыстың барлық аудандарында гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылып, еңбек ұжымдары бір күндік жалақысын аударды. Кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетсе, еріктілер мен өзге де тұрғындар киім-кешек пен азық-түлік жіберуде», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

Семейден көмек ретінде Риддерге 16 млн теңгеден астам қаржы жіберілді. Абай ауданының тұрғандары зардап шеккендерге 2 млн теңгеден астам көмек аударды. Глубокое ауданында кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтары иелерінің және басқа да азаматтардың қолдауымен азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі заттары бар «Газель» автокөлігі көмекке жөнелтілді. Сондай-ақ қайырымдылық қорына қаражат аударылып жатыр.

«Күршім ауданының тұрғындары да қол қусырып отырмады. Онда азық-түлік, киім-кешек қабылдау бойынша 6 пункт ашылды. 4 тоннадан астам азық-түлік өнімдері және 1 миллион теңге көлемінде қаржы жиналды. Қазіргі уақытта гуманитарлық көмек жинау науқаны жалғасуда. Тілсіз жаудан зардап шеккендерге көмек көрсетемін дегендер болса, жергілікті қабылдау пункттеріне жүгіну арқылы немесе «Бірлік« қайырымдылық қорының ресми шотына ақшалай көмек аудару арқылы қолұшын соза алады», - делінген мәліметте.

 

Сондай-ақ...