425,78 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бұдан былай жерді пайдалану құқығы тек Қазақстан азаматтарында болады

  • 366
  • UPD: 20:39, 13.05.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды.

Бұл туралы бүгін Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Бұған дейін бұл құжат Парламентте қаралып, тиісті түзетулер талқыланған еді. Сөйтіп, жерді шетелдіктерге сатпау жөніндегі шешім заң жүзінде бекіді. Мұндағы мәселе ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарға қатысты. Яғни, егін егіп, мал бағатын жер Қазақстанның азаматтығы жоқ және құрамында шетелдіктер бар заңды тұлғаларға берілмейді.

Жерді шетелдіктерге жекеменшікке және жалға беруге тыйым салатын заңға 2016 жылы мораторий жарияланған еді. Уақытша шектеудің аяқталар мерзімі де жетті. Бүгін Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу заңына қол қойғаны қоғамды да елең еткізді. «Еліміздің Жер ресурстарын басқару комитеті Президент саяси шешім қабылдады», деді. Ал Жер комиссиясының мүшесі, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан ойын былайша жеткізді.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

- Президент Тоқаев мырза өз шешімімен мына мәселені жауып тастап отыр. Ол халықтың үлкен жеңісі деп білемін. Баршаңызды құттықтаймын. Енді мына ауылшаруашылыққа арналған жерлер, яғни Қазақстан территориясының 80%-і шетелдіктерге және шетел азаматтарына және де Қазақстанның заңды тұлғаның кез келген жерде шетелдіктердің үлесі болса, ондай заңды тұлғаларға не сатылмайды не жалға берілмейді.

Бұдан былай жерді пайдалану құқығы тек Қазақстан азаматтарында болады. Жаңа заңнан түйгеніміз осы. Одан бөлек, «мал бағып, ата кәсіпті өрістетем» деушілерге жайылым кеңейеді. Енді ауылдағы ағайын әкімдікке жүгініп, мәселенің тез арада шешімін талап етуге құқылы. Ол үшін елді мекендерде арнайы комиссиялар жұмыс істейді. «Орта есеппен елге 29 млн гектар жайылым керек», - дейді сарапшылар.

Гүлжахан Бимендина, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:

- Жекеменшікке еш уақытта жер берілген емес. Сондықтан жер учаскесін жалға беруге тыйым салынған болатын. Ол мораторий айта кететін болсақ, 31 желтоқсанда 2021 жылы аяқталу керек болатын. Алайда осы Ұлттық кеңестің V отырысында өзіміздің еліміздің Президенті саяси шешім қабылдаған болатын.

Мемлекет басшысы заңға қол қояр алдында жерге қатысты барлық мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Таяуда жер комиссиясының отырыстары өтіп, тиісті шешімдер қабылданды. Орманға тиесілі 10 млн гектар алқап жайылымға берілетін болды. Бұл – онсызда сирек өсетін ағаштар кесіліп, түп-тамырымен жойылады деген сөз емес. Керісінше, орман қоры ретінде арнайы қорғауға алынған, бірақ жасыл желегі аз аумақтан беріледі. Жерді иеленуші сол аумақты қайта түлетуге де жауапты болады. Ал бұған дейін шетелдіктерге жалға берілген жер қайтарып алынады.

Бақытжан Базарбек, жер құқығы жөніндегі сарапшы:

- Млн гектардың ішінде азғантай көлем. Дегенмен, ол шұрайлы жерлер. 2024 жылдары олардың жалға алу шарттары бітеді.

Жаңа заң арқылы тарихи Отанына оралған азаматтарға жер берілмейді. Яғни, қандастар мұндай мүмкіндікке ие бола алмайды деген сөз. Бұл шешімді жұмыс тобында болған тәуелсіз сарапшы, заңгерлер де құптап отыр. Себебі, қандас мәртебесіне ие болып, кейін одан бас тартып жатса, жер шетелдік болып есептелуі мүмкін. Сондықтан үкімет мұндай тәуекелден бас тартты.

Авторлары: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы