Мақтаарал тұрғындары жайылымдық жерлерді қайтарып беруді талап етті

«Табын мал тұрмақ, екі сиырды баға алмай отырмыз».

Осылай деп шағымданған мақтааралдық тұрғындар аудан әкімдігінен мақталыққа беріліп кеткен іргедегі жайылымдық жерлерді қайтарып беруді талап етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ағарған ішу былай тұрсын, мал ұстаудан қалдық» деген жұрттың базынасын Жандос Жұмабек тыңдап қайтты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мыңнан аса тұрғыны бар Жамбыл мен Үлгілі ауылының халқы үшін ерте тұрып, төрт түлігін өріске айдайтын алаңсыз күндер арманға айналған. Себебі ауыл маңындағы жайылымдық жер жаппай егістікке беріліп, жекенің меншігіне өткен. Ал, жер иеленушілер мақталыққа мал түссе, атуға дейін барады екен.

Жетібай Жанысбаев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы сбростар бар еді, әйтеуір бала-шағаны мектептен алып қалып, соның басына барып бақтыратын ек. Қазір ол сбростың беті тап-тақыр топырақ болған. 1600 теңгеден, 1700 теңгеден былтырғыдан қалып кеткен шөпті беріп жатырмыз.

Тірнектеп жиған малды аман сақтап қалу үшін көрші ауданның жеріне барып амалдағандар да бар. Алайда жайылымдық жер тапшы болғандықтан олар да сыйдырмапты.

Тұрлыбек Исақов, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Осы кеше Қазығұрт жаққа апардық. Сөйтсек, Қазығұрттың әкімі, ветдәрігері дей ме, жолда тұрып, кіргізбей жіберді. Қабылдамайды. Мына Шардарадан, Келестен бізге жер әперсе, мал жайылымға.

Ауыл іргесінде мал жаятын жер қалмаған соң жұрт қолда бар төрт түлігін қорада ұстауға мәжбүр. «Бірақ қолға қараған малдың пайдасынан шығыны көп», дейді тұрғындар. Себебі жем-шөпті жыл он екі ай бойы сатып алу – онсыз да тұрмысы төмен ауыл халқының қалтасын қағып алады. Оның үстіне жайылымы жоқтар мемлекет тарапынан берілетін түрлі көмектерден де қағылады екен.

Құрманғазы Әбетаев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Жайылым жер жоқтықтың себебін бас көбейту, малдың басын көбейту деген бағдарлама жоқ екен. Тек бордақылау деген бағдарлама бар екен. Ал, ол бордақылау қолымыздан күнде жем бере бергеннен кейін тура келмейді, шығыны көп оның.

Амалы таусылған кейбір ауыл тұрғындары қолда бар малын сатып жатыр. «Мәселенің өзекті екенін аудан басшылығы білгенімен шешуге асығар емес», - дейді ашынған жұрт. Ал, аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары: «жайылымға беретін ауылда бос жатқан жер жоқ» деп қысқа қайырды.

Айнабек Жәмеддинов, Мақтаарал аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

- Мақтаарал ауданында 1400 гектар ғана жайылым жер бар. Оның өзі Жаңажол ауылдық округі, Жеңіс елді мекенінде ғана орналасқан. Қалған елді мекендерде жайылым жоқ десе де болады. Ауылдық елді мекендердің малдары қазіргі таңда арық-атыздың бойында, елді мекеннің ішінде жайылады.

«Ауыл іргесіндегі егістік жер телімінің барлығы кәсіпкерлерге заңды түрде берілген, сондықтан біз оны кері қайтарып ала алмаймыз», - дейді жауаптылар. Ал ауылдың тұрғындары жайылым мәселесі жақын арада шешілмесе, төрт түлік малды аудан әкімдігіне айдап барамыз деп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы