427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Ораза айт намазы мешіт аулаларында оқылды

  • 146
  • UPD: 22:29, 13.05.2021

Бүгін Ораза айттың бірінші күні. Ораза айт кешірім мен рақымшылықтың мерекесі.

Барша мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айынан кейін дұға-тілектерінің орындалатынына сенеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Ораза айт намазы қауіпсіздік талаптарына сәйкес мешіт аулаларында оқылды.

Бүгін таңмен таласа еліміздегі барлық мешітте айт намазы оқылды. Ұлық мейрам алдағы 3 күн бойы тойланады. Биыл Ораза айтының намазы жер-жердегі бас санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен мешіт аулаларында оқылды. Сапқа тұрушылар маска тағып, арақашықтық сақтап, бір кісідей имамға ұйыды.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

- Алла Тағала бүгінгі халқымыздың, Алланың бүкіл қасиетті үйлерінде жасап жатқан дұға-тілектерін қабыл етсін. Алла Тағала елімізге, жерімізге тыныштық берсін. Ынтымақ-бірлік берсін. Алла Тағала ырыс-несібе берсін. Алла біздің елді табиғи апаттардан, жаман бәле-жәлелерден қорғап, Алла Тағала құтты, берекелі болуымызды Алла баршамызға нәсіп етсін деп тілеймін.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айт намазына рұқсат берген аймақтың бірі – Шымкент қаласы. Жамағат санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіт ауласында намазға жығылды. Дұға оқып, тілек тілеуге жиналғандардың қатары көп болды. Имамдар жастарға ұлық мерекенің маңызы туралы айтып берді. 30 күн ауыз бекіткен мұсылман үшін бұл мейрамның орны ерекше.

Ахметжан Керімбек, Әл-Фараби ауданының бас имамы:

- Аллаға шексіз шүкір айтамыз. Бүгінде ашық алаңда, яғни мешіттің ішінде емес, ауласында айт намазын оқуды Алла тағала нәсіп етті. Барлық санитарлық талаптарға сай әлбетте. Жамағат болып, ел болып өтедік. Алла қабыл етсін. Бұл Ораза айт мерекесі исламдағы екі үлкен мерекенің бірі болып табылады.

Ақтау қаласының тұрғындары да таңсәріден орталық мешіт ауласына жиылды. Бекет ата мешітінің алдында бір мезетте жүзден астам адам намаз оқыды. Діни рәсім ашық ауада санитарлық талаптарды сақтай отыра жүргізілді. Ораза Айт мерекесіне келген жамағаттың кіреберісте дене қызуы өлшеніп, бетперде тағып тұруы сұралды. Әр азамат өзімен бірге жайнамазын алып кірді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Рауан Мыңбаев, Нұрсұлтан Мұхамеджан

Хабар 24 телеарнасы