Медициналық жүк тиелген ұшақ Алматыдан Делиге ұшты

Медициналық жүк тиелген ұшақ бүгін Алматыдан Үндістанның Дели қаласына ұшты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы рейспен 6 миллион медициналық бетперде, 400 мың респиратор, 50 мың арнайы киім бар. Жүктің жалпы салмағы 20 тонна. Гуманитарлық көмек түн ауа жетеді. Ал, ертең екінші рейспен өкпеге жасанды дем беруге арналған отандық 105 құрылғы жіберіледі. Қазір Үндістанда коронавирус жұқтырғандардың саны 23 миллионнан асқан.

Руслан Қараболов, ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігі басшысының орынбасары:

- Үндістан өткен жылы елімізге бірнеше рет гуманитарлық көмек көрсетті. Енді Үндістандағы аурудың күрт күшеюіне байланысты 4 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның премьер-министріне жолдау жасап, гуманитарлық көмек ұсынған болатын.