Қостанай облысында кәсіпкерлерден фитосанитарлық сараптама үшін заңсыз ақы алынған

Инспекторлар кәсіпкерлерден фитосанитарлық сараптама үшін ақы талап еткен. Облыстық аумақтық инспекцияның заң бұзушылығын прокурорлар дәлелдеді.

Қажетті тексерулерді инспекцияның өзінде тегін жасатуға болады екен. Алайда ведомство басшысының бұйрығымен тауарлық сараптамалар тек ақылы зертханаларда жасалған. Былтыр бизнес өкілдері осындай 15 мыңға жуық сараптамадан өткен. Астық, ұн, көкөніс тасымалымен айналысатындар бір жарым миллион теңге шығынға батқан. Тергеулер нәтижесінде кінәлі инспекторлар әкімшілік жауапқа тартылып, әрқайсысына 87 мың теңге айыппұл салынды.

Талғат Аханов, облыстық прокуратураның аға прокуроры:

- Прокурорлардың араласуымен аталған бұйрық күшін жойды. Сараптамалар жүргізу міндетті емес деп танылды. Егер өнімді тексергенде түрлі аурулар анықталған жағдайда фитосанитарлық сараптама тағайындалады.