БҚО-да игерусіз жатқан 1 млн гектардан астам жер анықталды

Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан 1 миллион гектардан аса ауылшаруашылық мақсатындағы жер анықталыпты. Көбі егістік, шабындық және жайылымдық жерлер. Қазір бұл алқаптардың 15 проценті мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар жекенің малы жайылатын өрісі жоқ ауылдар да аз емес.

Былтыр Тасқала ауданында ауылшаруашылық мақсатындағы 200 мың гектардан аса жер тексерілген. Нәтижесінде пайдаланылмай қараусыз жатқан 18 мың гектары аудан меншігіне қайтарылды. Енді бұл жерлер мал басын көбейтуге ниетті шаруаларға беріледі. Тағы бір бөлігі жайылымдық мақсатқа пайдаланылады.

Сәлімгерей Ғаббасов, Тасқала аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Қазіргі уақытта ауылдық округтерде ауыл тұрғындарының малын жаюға жайылымның жетіспеуі байқалады. Бұл бойынша Амангелді, Шежін, Тасқала және Мерей ауылдық округтері бойынша ауыл маңындағы жерлерді ауылдық округке бекіту жұмыстары жүргізілді. Ол бойынша материалдар жер комиссясынан өтіп  әрі қарай жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде. 

Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылы тұрғындарын да жайылым мәселесі алаңдатады. Қала іргесіндегі ауылда барлық мәселе шешілген. Ауыл аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Бірақ өңірдегі ең ірі астықты аудан болған соң жерлердің басым бөлігі бұрыннан шаруа қожалықтарының иелігінде.  

Болат Берахметов, ауыл тұрғыны:

- Жақсы жағы енді мына жерден қалаға жол салды, екі жағынан да қазір жол бар. Газ бәрі келді, кісілерге жерлер беріп жатыр, үйлерін салып жатыр. Біздерге малдың жайылымы керек. Мына бұрын мына жағында болды. Екі-үш шаруа қожалығы бар, солар бөліп-бөліп алған.   

Серікқали Ищанов, Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бұл облысымыздың барлық аудандарына тән мәселе. Бұрын осы жерлер берілген кезде шаруа қожалықтарына мал өсіріп, өнім өндіру міндеттелген болатын. Ауыл тұрғындары да мал санын арттырғысы келеді. Бірақ жайылымдық жерлердің дені қожалықтардың меншігі саналады.

Дегенмен, соңғы 3 жылда мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің басым бөлігі қазір игеріліп жатыр. Ал игеруге құлықсыз жалға алушыларға жер туралы заңды қайтадан түсіндіруге тура келеді.

Жұматай Ашықпаев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көлемі 574 гектар құрайтын жер учаскелерінің жер пайдаланушылары жерлерін игеруге кірісті. Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу мақсатында олыс бойынша барлық аудандарда конкурстар өткізіліа жатыр. 2019 жылы 43 конкурс өткізілді, жалпы көлемі 391 мың га құрайтын 527 жер учаскесі табысталды. Осы жылы жалпы көлемі 89 мың гектар құрайтын 77 жер учаскесін табыстау бойынша 14 конкурс өткізілді.

Соңғы 3 жылда аймақта жалпы көлемі миллион гектар жер ауыл шаруашылық айналымына  енгізілген. Ал жалға алушылардың жерді тиімді пайдалана алмауына тіршілік нәрінің тапшылығы басты себеп болғпа.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...