Астана маңындағы Тайтөбе елді мекені қоқысқа көмілді

Тайтөбе тұрғындары қоқыстың иісіне тұншығып отыр. Жел екпіні күшейгенде тіпті терезені аша алмаймыз дейді. Оған себеп ауыл іргесіндегі қоқыс полигоны. Полигон аумағы жылдан жылға ұлғайып, қалдықтары үйге дейін ұшып жатыр. 

- Мына мусор ма тиеліп тұрған?

- Да, да мусор.

- Неге шлагбаум қойып қойған?

- Түсірмеңдер мені. ... а, мусор төгіп жатқан жоқпын.

- Мынадан қалай шығасыз енді? Кілті мына кісіде?

- Білмейм деймін.

- Карьер қай жерде? Ана жаққа барсаңдарш, карьер бар ғой.

- Бастық жаңағы кісі ме?

- Жоқ, мен водительмін. 

- Жоқ дейм, мен малшымын.

- Сіз ашады деді ғой? Мен ашпаймын. Кілт жоқ. 

Тайтөбеге сапарымыз осылай басталды. Ауылдан шығаберіске шлагбаум қойылған. Ал оны айналып өтпеу үшін арықтар қазылған. Соған қарамастан жүк көліктері толып жүр. Бізде көре сала жан-жаққа қаша жөнелді. Ал қоқыс полигонының өзі елді мекеннен 5 шақырым жерде орналасқан. Оның жалпы аумағы 150 гектарды құрайды.

Аслан Қаженов, тілші:

- Салдарынан қоқыстың кей бөлігі ауаға көтеріліп, ауылға қарай ұшады. Тіпті аракідік осы аумақтан өрт шығып, жергілікті тұрғындар «түтінге тұншығамыз» деп жанайқайын жеткізді.

Әлия Қалиасқарова, жергілікті тұрғын:

- Жел болған сайын таңертең тұрғанда терезе ашамыз ғой, түтіннің ішінде жаман иіс шығады. Жаз бойы мынау жанады. Темір жинайтын адамдар көп жүреді. Солар жағады. Біріншіден, түтін, екіншіден, ұшып келетін пакеттер, қазір жел ауылға қарай соғып тұр.

Роза Байзақова, жергілікті тұрғын:

- Бұл жердегі қоқыс сұрыпталмайды, өңделмейді. Ашық аспан астында шашылып жатыр. ЭКСПО көрмесінде небір технологияларды көрсетті ғой. Қайда енді олар? Осындай кезде қолданылмаса, оның керегі қанша? Бұл маңда тарихи қорғандар, мавзолейлер, кесенелер бар. Соларды негізге алып, туристік аймаққа айналдыруға болатын еді. Бірақ оған бас қатырмай, қоқыс тастау оңай болып тұр.

Атқарушы билік қоршаған ортаның тазалығы, жергілікті тұрғындар саулығынан гөрі бизнестің мүддесін жоғары қойып отыр. Тайтөбеліктер осыған қапалы. Өйткені адамдардың қарсылығына қарамастан қоқыс тасушы компанияға ресми рұқсат берген. Бірақ біз олармен байланыса алмадық. Дәл солай жергілікті әкім мен орынбасарын да табу мүмкін болмады. Жұмыс орындарында жоқ. Телефондарын көтермейді. 

Артынша экология министрлігіне де хабарластық. Бірақ олар әкімдікке сілтеме жасап, соларға бұра салды. Сөйтіп, 2 сағатқа жуық сандалып, нақты жауап ала алмадық. Ал жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері осылай сабылып жүрміз дейді. Амалы қалмағасын тіпті Президентке де хат жазған. Енді ең құрығында Ақордадан тұшымды жауап келер деген үмітте. 

Авторлар: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров