426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдетілді

  • 126
  • UPD: 16:48, 14.05.2021
Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдетілді

Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдеді, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Апелляция алқасы қаулысына сәйкес Ертаев енді түрмеде 11 жыл емес, тоғыз жыл отыруы тиіс. Сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады.

Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге де үкім шықты. Сегіз жылға бас бостандығынан айыру түрінде бұрын тағайындалған жаза жеті жылға дейін төмендетілген.

Ал Bank RBK басқармасының экс-төрағасы, бұрын сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Игорь Мажиновты жеті жылға соттап, мүлкін тәркілеген.

«Оған қатысты бас бостандығын шектеудің барлық белгіленген мерзіміне пробациялық бақылау белгіленсін және оған сотталған адамның мінез-құлқын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпестен, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмыс орнын ауыстырмау міндеті жүктелсін», - делінген сот қаулысында.

Олардан басқа 18 сотталушыға қатысты соңғы үкім өзгертілген. Олар: Едігенев, Батырбаев, Игильман, Садықов, Барменбеков, Абдраимова, Жақубаева, Тойшиев, Мамырбеков, Ибраева, Мәмбетжанова, Мәмбетов, Шәріпов, Дәулетбекова, Агапов, Құсайынов, Бектаев және Пак. Олардың бәріне нақты бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге алмастырылып, қамаудан босатылған.

Еске салайық, бұған дейін соттың бірінші сатысында Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрланғаны дәлелденген болатын. Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыс 2011-2017 жылдар аралығында жасалған. Қылмыстық іс 46 эпизод және 700 томнан тұрады. Айыптау актісінде 3600-дан аса парақша бар.

Хабар 24 телеарнасы