Қарағанды облысындағы Айғыржал ауылы қаңырап бос қалуы мүмкін

Себебі мектеп 4 жылдық болып қысқарған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Халықтың жаппай қоныс аударуынан білім ордасында небәрі 20-ға тарта оқушы қалған. Жеке шаруашылықпен айналысатын азғантай жұрт ауылға көршілерді көшіріп, бала санын көбейтіп әлек. Бірақ әзір одан еш нәтиже шықпай тұрған көрінеді.

Бір кезде Шет ауданының орталығы болған Айғыржал ауылын сақтап қалу үшін әркім қолынан келгенін істеп әлек. Бірақ халықтың жаппай көшіп кетуі өз салдарын айқын көрсетті. Алдымен 9 жылдық болып қысқарған Маясар Жапақов атындағы мына мектеп енді 4 жылдық болып қалуы мүмкін.

Айым Амангелді, Айғыржал ауылының тұрғыны:

– Осы ауылды ұстап тұрған мектептің жабылмағанын қалаймыз. Алда балалар жинайтын боламыз, бала саны көбейеді.

Негізі мектептің материалдық-техникалық базасы нашар емес. Ұстаздық құрам да толық. 14 сынып, спорт залы мен кітапхана және балалар орталығы бар. Әр сыныпта бірлі-екілі оқушының отырғаны болмаса, білім деңгейіне де шағым жоқ көрнеді.   

Бекзат Маясаров, мектеп оқушысы:

– Мектептің жабылмағаны жақсы болар еді, себебі ауылдың көбі осында жұмыс істейді. Техникалық толық жабдықталған. Тіпті 10-11-сынып болса тіптен жақсы болар еді. Себебі ауылдың көркеюі осы балаларға байланысты.

Аудандық білім бөлімінің мамандары болса, үкіметтің қаулысы негізінде қазір тек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүргенін айтады.

Елдос Жарылғапұлы, Шет ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Әрине, бізде түсінеміз халықтың жағдайын, балалар оқуы керек. Бюджетке қарап, ақылдасып, халықты шулатпай ұстап келеміз. Биыл да сол жағдай, бірақ жыл соңында әркім жұмыс қорытындысы бойынша халыққа түсіндіреміз. Бала саны толмаса, мектепті жабу қаупі туады.

Егер мектеп қысқарса, жоғары сынып оқушылары іргелес орналасақан Өспен ауылдық мектепте оқитын болады. Оған арнайы көлік бөлінеді. Бірақ тұрғындар үшін бұл ыңғайсыз болайын деп тұр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Аталған ауылда қазір 25 отбасы түтінін түтетіп отыр. Олардың тең жартысы орта мектепте жұмыс істейді. Егер мектеп 4 жылдық болса, осындағы жұмысшылардың тең жартысы тағы да қысқаруы мүмкін. Бұл онсыз да шағын ғана ауылдың қаңырап бос қалуына әкеп соғама деп қауіптенеді жергілікті жұрт.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев