Семейде мектеп жетіспейді

Қалада 66 орта білім мекемесінде 50 мыңнан аса бала оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы оқу жылында 19 мектепте 4600-ден аса балаға орын жетпей қалған. Әсіресе, Шығыс кенті мен саяжайларда халық саны өсіп, оқушылар қалаға қатынап оқып жүр. Жергілікті билік мәселені шешу үшін 1200 орындық жаңа білім ордасын салып жатыр.

Қарлығаш Халелова Шығыс саяжайында тұрады. Жақын маңдағы мектептерде орын болмағандықтан, еріксіз немересін қалаға тасып оқытып жүр. Арманы осы маңнан жаңа білім ордасы бой көтерсе дейді.

Қарлығаш Халелова, саяжай тұрғыны:

- Ауылдан көшіп келгендер көп. Жаңа үйлер салып жатыр, бұрын кішкентай саяжайлар болған, бұл жердің бәрінде қазір үй, ауыл болып кетті. Бала көп саяжайда, бәрі әр мектепте. Кейбіреуі Таймаста оқиды, кейбірі қала жаққа барып оқиды. Баламыз ұзаққа шіркеу жақта оқиды, 2 автобуспен отырып барады. Оны біреу апару керек, біреу әкелу керек. Мына жерден мектеп салынса, жақсы болар еді және аурухана болса деп ойлаймыз, біз ауыратын адамдармыз, үлкен кісілер.

Қаланың шығыс аумағында қазір 3 мектеп бар. Бәрінде бала лық толы. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынов атындағы 47-мектеп. Нысан 2007 жылы ашылған. Мың жарым орындық білім ордасында қазір 1772 оқушы білім алып жатыр.

Ахат Ыдырысов, №47 жалпы білім беретін мектеп директоры:

- Сауалнама жүргіздік, соның нәтижесінде қорытынды бойынша қазіргі таңда 400-дей оқушы сол жаңа мектепке ауысамыз ба деп ниет білдіруде. Біз бала саны көптігінен еріксізден қосымша 6 кабинет ашқанбыз. Осы кабинеттер холда орналасқан, олардың бәрі алынып, аз баламен жұмыс жасау өте ыңғайлы. Сол себептен саяжайда салынып жатқан мектепті оқушылар да, ата-аналар да, біз де асыға күтудеміз.

Соңғы 15 жылда көтеріліп келген өзекті мәселені шешу үшін қазір саяжайлар маңынан 1200 орындық жаңа білім ордасы салынуда. Оған республикалық бюджеттен 2 миллиард 591 миллион теңге бөлінген. Мұнда 200 құрылысшы еңбек етіп жатыр.

Сәуле Досқожанова, мердігер компания жетекшісі:

- Ішінде қазіргі заманға керек интерактивті компьютерлік сыныптар бар, 2 үлкен спортзал, шеберханалар бар. Өйткені қазір балаларды еңбек мамандығына үйрететін. Келісімшарт бойынша осы жылдың аяғына дейін бітіреміз, бірақ өзіміздің жоспарымыз бар, 2-тоқсанға тапсырамыз деп ойлап отырмыз.

Гүлнәр Оразбекова, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Восход, Водный, Шығыс кенттерінде балалар саны 5 мыңнан артық. Көбі мен айтқан 12,34,47-мектептерде білім алып жатса, кейбір әл-ауқаты жоғарылар қала орталығындағы мектептерге де апарып білім беріп жатыр. Дефицитті біз жоямыз деп ойлаймын, екіншіден, бір ауысымда 1200 бала қабылдап алса, 2-ауысымда да осынша баланы қабылдауға болады. Егер де 1200 баладан асып кетсе, онда 2 ауысым да болуы мүмкін.

Мұнан бөлек, биыл қала маңындағы Степное кентінде де 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталмақ. Ал алдағы 5 жылдың ішінде Қарағайлы шағын ауданында тағы 3 мектеп салынады деген жоспар бар.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы