Ақсулықтар қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін

Павлодар облысы Ақсу шаһарында қоғамдық көлік мәселесі күйіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы жолаушы тасымалдайтын сегіз автобус бағыты тоқтауы мүмкін. Екі ұйымның бірі жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен жасаған келісімшарттың күшін жоймақ. Себебі әкімдіктің талаптарын орындай алмайды. Бұған дейін билік өкілдері автопаркті жаңарту, бағыттарды бақылау жүйесін енгізу туралы талап қойған. Сонымен қатар дезинфекция жүргізетін ұйыммен келісімге келуді ескерткен. Ал автопарктің бұған қаражаты жоқ.

Бұл автобустар бесінші маусымға дейін жолаушы тасымалдайды. Кейін жауапты ұйым жұмысын тоқтатады. Пандемия салдарынан кәсіпорынның табысы күрт төмендеген. Жанар-жағармай қымбаттап, жолаушы тасымалы бірнеше есе азайған. Бұған қарамастан, жергілікті билік тасымалдаушыға талап қоюын тоқтатпаған. Оларды орындауға кәсіпорынның қаражаты жоқ.

Григорий Гак, автобус паркінің директоры:

– Қосалқы бөлшектер, жүргізушілердің жалақысы мен автобустарды амортизациясына керек шығынды өтеуге субсидия жеткіліксіз. Сондықтан жұмысымызды тоқтатамыз. Жұмыс тиімсіз. Әкімдік паркті жаңартыңдар деді. Оған ақша жоқ. Дезинфекция өткізу, маршруттарды бақылау жүйесін өтеу экономикалық тұрғыдан мүмкін емес.

Кәсіпорынның 25 жастағы директоры алдағы үш жылда автобустарды сатып алуға алған несиесін төлемек болыпты. Бірақ пандемия жоспарларын бұзды. Енді қарызға белшеден батқан.

Григорий Гак, автобус паркінің директоры:

– Әкімдік тарапынан қолдау болса, жұмысымызды жалғастырар едік. Төрт ай өтті, атқамінерлер паркімізге келген де жоқ. Жағдайды сұрастырған да жоқ. Автобус паркін сақтап қалуға қолдау болса, жағдай түзелуі мүмкін.

Әкімдік өкілдері тасымалдаушының шешімін мақұлдады. Маусым айында автобус паркі қаладағы 12 маршруттың сегізінің жұмысын тоқтатады.

Марат Зенов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Ақсу қаласының әкімдігі павлодарлық тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Оларға маршруттар, схемалар мен жолаушылар тасымалы бойынша шарттарды айттық. Ақсу қаласының әкімі мәселені шешуге уәде берді.

Шағын қала автобуссыз қалмайды. Жауапты мемлекеттік мекеменің мамандары осынлай дейді. Ал тасымалдау алдындағы талаптар тұрғындардың өтінішімен қойылған. Өйткені ғаламторда бұл автобус паркінің жұмысына жиі сын айтылады.

Бибігүл Нүкенова, Ақсу қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жолаушылар тасымалын тоқтатпау үшін тиісті шараларды қолға алдық. Тасымалдаушылар бар. Ұсыныстарды қарастырып жатырмыз.

Қазір саяжай кезеңінің қызыған шағы. Яғни бау-бақша салуға ағылған жолаушылардың саны өседі. Тасымалдаушы ұйым жұмысын тоқтатады дедік. Ал жаңа ұйымның дер кезінде келетініне кепілдік жоқ.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат