427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Екпе салдырғандар үшін қандай жеңілдік қарастырылған?

  • 407
  • UPD: 21:49, 14.05.2021

Коронавирусқа қарсы кей вакциналардың жағымсыз әсері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ екпенің зиянынан гөрі пайдасы зор. Сарапшылардың пікірі осындай. Қазір кейбір шет мемлекеттер тұрғындарды препарат қабылдауға ынталандыру үшін түрлі жеңілдіктер жасап жатыр. Ол қандай артықшылық?

Әлемде вирус жұқтырудың ең көп дерегі тіркелген ел – АҚШ. Билік тұрғындарды екпе салдыруға ынталандыру үшін түрлі шаралар ойлап тауып жатыр. Мәселен, бұған дейін Батыс Вирджиния штатында препарат қабылдаған жастарға 100 долларлық сақтандыру облигациялары берілетіні айтылды. Огайо штатында екпе алғандар арасында бір миллион долларға лотерея ойнатылады. Ал бүгіннен бастап вакцинаның екі дозасын салдырған америкалықтар қоғамдық жерлер мен ғимараттың ішінде маскасыз жүре алады. Бұған біреулер қуанса, басқалары күмәнмен қарайды.

БЛИЦ:

– Жақсы болды. Бұл жаңалықты естіп, қуанып қалдым.

– Керемет жаңалық. Масканы шешетін уақыт келген сияқты. Бірақ кейбір компаниялар кеңсе ішінде бетперде тағып жүруді талап етуі мүмкін. Жеке өз басым оған қарсы емеспін. Ондай ережелерге құрметпен қараймын.

– Біз дұрыс бағытта келе жатқан сияқтымыз. Десе де, биліктің мұндай шешім қабылдауына әлі ерте деп ойлаймын. Мәселен, меніңше ғимарат ішінде бәрінің де маска тағып жүргені дұрыс.

– Маған маскамен жүрген ұнайды. Жас көрінемін. Ернімді бояудың да қажеті жоқ. Сондықтан бетпердені шешпей жүре беремін. Сақтықта қорлық жоқ. Мәселен, кейбіреулер екпе салдырғанбыз деп өтірік айтып жүре беруі де мүмкін ғой.

Сербия астанасында сауда орталықтарының бірі тұрғындарды екпе салуға ынталандыру үшін 25 еуроға тең ваучерлер ұсынды. Оны сол орталықтағы дүкендерде қолдануға болады. Одан бөлек, жергілікті дәмханалар екпе алған келушілерге жеңілдіктер жасап, тегін тәттілер ұсынып жатыр. Ал кейбір компаниялар қызметкерлеріне сыйақы төлейді. Жалпы Сербияда 7 миллионға жуық адам тұрады. Осы күнге дейін халықтың үштен бірі вакцинаның бір дозасын алып үлгерген.  

БЛИЦ:

– Сауда орталығының дүкендеріне ваучер беру жақсы идея ғой. Біріншіден, бұл адамдарды екпе салдыруға ынталандырады. Екіншіден, ауруханадан гөрі сауда орталығының ішінде вакцина қабылдау әлдеқайда жақсы емес пе?

– Халықты екпе салдыруға ынталандыру шаралары – жақсы бастама. Ақша ешкімге де артық болмайды.

Ресейде ірі әуе тасымалдаушылардың бірі 15 мамырға дейін вакцинаның ең болмағанда бір дозасын алған 10 мың жолаушыға бонус береді. Оны кейін тегін билетке айырбастауға не компанияның серіктестерінде жұмсауға болады. Негізі бұған дейін Мәскеуде «Миллион сыйлық» атты бағдарлама іске қосылған. Оған сәйкес, жасы 60-тан асқан тұрғындар коронавирусқа қарсы екпе салдыру кезінде бір мың рубльге тең сыйлық картасын алады. Бұл теңгеге шаққанда 5 жарым мыңнан асады. Жалпы бүгінде көрші елде екпенің екі дозасын да қабылдағандар саны 10 миллионға жуықтайды.

Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы