Ақмола облысында 70 көпқабатты үй салынады

Яғни 5 мыңнан аса отбасы баспаналы болады.

Алғашқы үйлер жаздың соңына қарай пайдалануға беріледі. Бұл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жемісі. Жоба басталғалы облыста 2 млн шаршы метр баспана салынып, 17 мың отбасының пәтер мәселесі шешілді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Атбасар қаласында әрқайсысы 45 пәтерлі 24 үй тұрғызу жоспарланған. Себебі шаһарда 1 мыңнан астам адам әкімдіктегі арнайы кезекте тұр. Ауқымды жоба 2025 жылға дейін толық жүзеге асырылуы тиіс. Қазір үйлердің 10 шақтысы салынып бітті. Қалғандарының да құрылысы қарқынды. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, тасқын судан зардап шегетін тұрғындардың мәселесі назардан тыс қалған емес.

Серікбай Қаранағаев, Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

– Атбасар қаласы су тасқыны бойынша қауіпті аймақта тұр. Сондықтан Жабай өзеніне жақын орналасқан үйлерді толық көшіру үшін әрқайсысы 100 пәтерлі 5 үйдің құрылысы жоспарланды. Қазір олардың құжаттары Үкіметтің қарауында жатыр. Қаржы бөлінсе, құрылысқа кірісеміз.

Ал Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылында биыл бір емес, үш үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оларда бас-аяғы 117 пәтер болады. Үйлер әлеуметтік топтағы жандарға арналған. Баспаналар жыл соңына қарай пайдалануға берілмек. Айта кетейін, аталған ауданда 250 адам пәтер кезегінде тұр.

Николай Деобальд, Сандықтау аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

– Бұған дейін біз әрқайсысы 18 пәтерлі 2 үй тапсырғанбыз. Мыналарды қосқанда 5 үй болады. Ал алдағы жылы тағы 2 үйдің құрылысы басталады. Осылайша кезекте тұрғандарды баспанамен толық қамтамасыз ету жоспарда бар.

Ал Жарқайың ауданында көпбалалы отбасылар бірден баспаналы болады. Яғни жергілікті әкімдік, оларға кезек күттірмей пәтер беруді қолға алған. Жалпы, тұрғын үй құрылысы қазір аймақтың барлық дерлік ауданында жүріп жатыр. Одан бөлек, жөндеу жұмыстары да жүйелі жүзеге асырылады. Былтыр аймақта 248 әлеуметтік нысан қалыпқа келтірілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады дейді жауапты мамандар.

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный