Елімізде карантинде 48 мың отбасы ажырасты

Карантинде ажырасу деректері едәуір азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2019 жылы 60 мыңға жуық жұп ажырасса, былтыр 48 мың шаңырақ шайқалды. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басшысы Ләззат Рамазанова арнамызға берген сұхбатында келтірген дерек бұл. Арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 72%-і отбасы институтының маңыздылығын атап өтті. «Бұған дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауының да септігі мол», - дейді маман. Республикалық сайыс биыл тағы жалғасын табады. Бүгін, яғни, халықаралық отбасы күніне орай жетінші мәрте ұйымдастырылып, үлгілі отбасыларды жинады.

Ләззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басшысы:

- Республикалық байқау өтуде. «Мерейлі отбасы». Конкурсқа қатысқан жеті жылдың ішінде 62% ауылдық жердегі отбасы, 36% көп балалы отбасы, 18%-і жас отбасылар. Жеті жылдың ішінде республиканың ішіндегі конкурсқа қатысқандардың саны – 15 200. Биыл байқаудың ережесін өзгерттік. Ол екі кезеңде өтеді. Бас жүлде алушылардың барлығы облыстық деңгейде белгілі болады.