Ақтауда 75 жастағы науқасқа жасалған күрделі операция сәтті аяқталды

Ақтаулық дәрігерлер 75 жастағы науқасты ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалампыр есімді көп балалы ана Жаңаөзенде тұрады. Жұтынуы қиындап, 1 айда 10 келіге арықтаған. Өздігімен емханаға барып, қаралады. Компьютерлік томография зейнеткердің өңештің қатерлі ісігіне шалдыққанын көрсеткен. Келісімін алған соң күрделі операция жасалды. Ақ халаттылар емдік шараны эндоскопиялық құрал көмегімен өңеште ұсақ тесіктер жасау арқылы сәтті атқарып шықты. Кейуана жақын күндері үйіне шығарылады. Одан әрі онколог-дәрігердің бақылауында болады.

Қалампыр Ақбердиева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Шаншу болды 5-6 айдан бері. 2 айдан бері тамақ өтпей қалды. Осы жерде тамақ ішкізіп, 1 апта операцияға дайындады. «Келіңіз, істейміз», деді. «Одан да үлкен адамдарды істеп жатырмыз», деді. Сау болсын, тәңір жарылқасын.

Мұхамеджан Нұрғазиев, жоғары санатты хирург:

- Біз мұндай операцияны жабық тәсілмен жасауға көштік. Бұған емханада эндоскопиялық степлер, ультрадыбыстық диссектор секілді заманауи медициналық құралдардың пайда болуы септігін тигізгені рас. Нәтижесінде эндоскопиялық хирургияда қолданылатын емдік шара барлық санаттағы науқастарға тез жасалады. Әрі олар аяғына тез тұрады.