Ақмола облысында егін науқаны басталды

Дән себуге алдымен оңтүстік аудандар кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн райы қолайлы болса, диқандар, көктемгі дала жұмыстарын маусым айына дейін бітіреміз деп отыр. Жалпы аймақта биыл 4,5 млн гектардан астам жерге дәнді дақыл егіледі.  

Дамир Берікұлы, тілші:

- Каменка ауылындағы Алексей Джейрановтың серіктестігі биыл 14 мың гектар жерге дән себеді. Былтыр гектарына 30-35 центнерден өнім алған шаруа, осы жылы да олжалы болудан үмітті. «Ол үшін жердің бабы мен техниканың дайындығынан ештеңе аямаймын», - дейді. Өзі егістік алқаптарын екі жылда бір демалдарып отырады. Ал, тракторлар мен комбайндарды біртіндеп жаңартып келеді.

Алексей Джейранов, серіктестік басшысы:

- Биыл біз шаруашылыққа 4 млрд теңгеге жуық инвестиция салып отырмыз. Бұл өте қомақты қаражат. 24 комбайн, тіркемесі бар 5 Камаз және 2 мынадай шетелдік тұқым себу кешенін сатып алдық. Мұның біреуінің өзі 700 мың доллар тұрады. Осылайша, техникаларымызды жаңартып жатырмыз.

Ал, облыс бойынша егін себу науқанына 16 мыңнан астам техника ат салысады. Олардың 500-і жақында ғана сатып алынған. «Өнімділігі өте жоғары», - дейді сала мамандары. Міне, солар жұмыстың жедел жүруіне сеп болмақ.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қолайлы мерзімдерге шығамыз Алла жазса. 15 май мен 25 майда. Ал, енді осы 20 күннің ішінде осы егістік науқанын толықтай бітіруге жоспарлап отырмыз. Күндік нормамыз біздің, күндік жоспар – 230 мың гектар себу. Соған бәрі жақсы болады деген ойдамыз.

Жалпы Ақмола облысында егінмен айналысатын ірілі-ұсақты 5 мыңнан аса шаруашылық бар. Олар жыл сайын егістік алқаптарын біртіндеп ұлғайтып келеді. Мәселен, биыл жаңадан игерілетін жерлер 80 мың гектарға көбейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный