Маңғыстаудың Құрық ауылында оңалту орталығы ашылды

Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында ауыр операциядан кейін оңалту орталығы ашылды. Шалғай елді мекен тұрғындары енді алысқа сабылып ем іздемейді. Мұнда жүйке жүйесі, бел-омыртқасы ауыратын, тірек-қимыл аппараты бұзылған науқастарға тегін қызмет көрсетіледі. Тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жіберу керек.

Ауылда ашылған оңалту орталығының іші қаладағыдан кем емес. Операциядан кейінгі  сауықтыру бөлмелерінде озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар тұр. Мұнда адамды электр тогымен, сумен және тұзбен де емдейді. Тыныс алу, денені сылау, қимыл-қозғалыс курстары үшін арнайы бөлмелер жабдықталған.

Айшагүл Айтенова, оңалту орталығының директоры:

- Емдік шарадан соң оңалту курсынан өткені маңызды. Жүрегі ауыратын, өздігімен қозғалуы қиын ауыл азаматтары Ақтауға барып емделетін. Қазір осы мәселе шешілді деуге болады. Орталықта 30-ға жуық маман жұмыс істейді. Мұндағы сауықтыру қызметін жетілдіру жоспарда бар. Сәйкесінше жаңа жұмыс орындары ашылады.

Құрық ауылындағы медициналық нысан өңірлік «Ел игілігі үшін» жобасы аясында іске қосылды. Бес қабатты жатақхана ғимаратының әзірге екі қабаты осы мақсатқа қолданылады. Қажет қондырғыларды жеткізу, өзге аймақтардан жоғарғы санатты дәрігерлерді шақырту, тағы басқа шығындарын жергілікті меценат көтеріпті.

Самат Мұқанов, жеке кәсіпкер:

- Мамандар Алматыдан, Астанадан шақыртылып жатыр. Қазір екі дәрігеріміз Алматыдан келді. Невропотлог пен кардиолог. Және басымдық ауыл тұрғындарына беріледі. 20-дан астамы жергілікті тұрғын. Кіші және орта қызметкерлер. Орталықта қазір ересектерге қызмет көрсетіледі.

Жеке кәсіпкерге бұл орталық 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Айтуынша, жобаның ІІ-кезеңінде сырқат балаларды емдеу-сауықтыруға көңіл бөлінеді. Нысан бір мезетте 250 адамды қабылдауға арналған. Алдағы уақытта 50 төсек-орын сәбилер мен жеткіншектерге арналып жабдықталады.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев