Елордада әр демалыс сайын жұмыс істейтін жәрмеңке басталды

Бүгіннен бастап елордада әр демалыс сайын жұмыс істейтін жәрмеңке басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, базардағы баға көпшілік үшін қолжетімді болады.

Пандемияға байланысты бас қаладағы бұқаралық сипатқа ие шаралардың тоқтап қалғаны белгілі. Сондықтан экологиялық таза әрі салыстырмалы түрде бағасы төмен азық-түлік сатып алуға асыққан астаналықтар аз болмады. 

Тыныштық Хасенова, қала тұрғыны:

- Иммунитет тамаққа байланысты. Жеміс-жидектің ішінде бүкіл минерал, витаминдер бар. Алма алып, помидор алып жатырмын. Дәмін көрейін деп, салыстырайын деп жатырмын. Түркістаннан келіп жатыр екен.

Бұл жолы астаналықтарға Түркістан облысының өнімдері ұсынылды. Мәселен, қиярдың келісі 600 теңгенің шамасында. Ал қызанақтың бағасы 450 мен 800 теңгенің арасында. Картоп 230 теңге, ал пияз 330 теңге тұрады. Орамжапырақтың килосы де осы бағада саудаланып жатыр.   

Айтуған Күзербаев, жәрмеңкені ұйымдастырушы:

- Біздің мақсатымыз қиын-қыстау кезеңде, пандемия кезінде халықты арзандатылған бағадағы тікелей тауар өндірушілердің қатысуымен осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу. Тауарлар енді ғана пісіп жатыр көктемде егілген. Оңтүстікте болсын, басқа жерде болсын. Келесі жәрмеңкелерде бірте-бірте арзандатылған бағада сатылады. 

Ақсамат Асылбекұлы, кәсіпкер:

-  Жылқы етінің келісі 2500 теңге. Қазы 3 мың теңге. Бұл қазіргі нарықтағы баға. Шеттен келетін ет аз. Қыстан енді шықтық. Сондықтан баға әзірге осындай.  

Қазір қымызға деген сұраныс жоғары. Сатушылардың айтуынша, баға әзірге мың теңгенің шамасында. Сондай-ақ өзге де сүт өнімдері жақсы сатылып жатыр.  Жалпы жәрмеңке енді әр сенбі және жексенбі күндері өтеді деп жоспарланған. Жазға салым баға да арзандап, тауар түрі де көбейеді дейді ұйымдастырушылар.