«Шағала» ұшу аппараты әуеден тәулік бойы барлау жүргізе алады

«Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты тағы бір сынақтан сәтті өтті. Мамандар өз елімізде құрастырылған құрылғының шетелдік үлгіден кем түспейтінін айтады. Оның көмегімен жау жасырынған жерді оп-оңай анықтауға болады. 3 жарым мың метр биіктікке дейін көтеріледі. Күндіз де, түнде де барлау жұмыстарын жүргізе алатын қауқары бар. Елорда маңында өткен сынақты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та бақылады.

«Шағаланың» үні алыстан естіледі. Зеңгір көкті шарлай ұшып барады. Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары оны осыдан бірнеше жыл бұрын құрастыруға кіріскен. Қазір жаппай сынақтан өткізіп жатыр.            

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы:

- Техникалық сипаттамасы жағынан шетелдік үлгіден кем түспейді. Жақын күндері оны жауынгерлер жаппай қолдана бастайды. 

«Шағаланың» мүлгіп кеткен кезі жоқ. Төңіректі күндіз де, түнде де барлай алады. 30 шақырым жерге дейін ұшады. 3 жарым мың метр биіктікке көтеріледі. Сөйтіп, 2 сағат тынбай жұмыс істеп тұра береді. Бұл дронды долы дауыл да шайқай алмайтын көрінеді.    

Айдар Бердібеков, Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми-зерттеу институтының бастығы:

- Программаны жазған біздің жас жігіттер. Жас программистер бізде оқыған. Әскери адамдар. Ерекшелігі сол деп отырмыз. Израильдікімен салыстырғанда бағасы 3 есеге төмен.  

Елорда маңында өткен сынақты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бақылады. Мамандар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы уақытта шабуыл жасауға қабілетті дрондарды да құрастырамыз дейді.

Автор: Дастан Сейілханұлы