Батыс Қазақстандағы Қайыңды ауылы әлемге қызғалдағымен танылғысы келеді

Өйткені, жыл сайын ауыл маңайында осы бір әсем гүлдердің 10 шақты түрі өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар қызғалдақтың отаны Қазақстан деп есептейді. Ғұмыры бірер аптаға ғана созылатын нәзік гүлдер табиғаттың небір қатал сынына төзімді келеді екен.

Қайыңды ауылының күнгейіндегі мына жазықта қызғалдақтың төрт түрі өседі. Соның ішінде «Шренк» аталатын тұқымы аймақтың қатал табиғатына төзімді келеді. Бірер апта ғана өмір сүргенімен, келер жылға жарайтын тұқымын салып үлгереді. Жайқалып өсетін әсем гүлдерді ауыл халқы да ерекше мақтаныш тұтады.   

Аяжан Қанатова, Қайыңды орта мектебінің оқушысы:

- Өзімнің ауылымды әсем табиғатымен, әдемі қызғалдағымен, гүлдерімен табиғатымен жақсы көремін. Ауылым өте кішкентай болса да ерекшеліктері өте көп. Қызғалдақ жұлуға болмайды. Біз оны қазір жұлып тастасақ, келешек ұрпаққа қалмай қалады. Біз ұрпақтарымызға осы қызғалдақты жеткізуіміз керек.

Альбина Кенжебаева, Қайыңды орта мектебінің оқушысы:

- Қызғалдақ ерекше қорғалған. Қызғалдақ жұлуға болмайды деген заң бар. Ол заңға біз бағынуыымыз керек. Өйткені қызғалдақ қызыл кітапқа енген. Ол біздің жақта өсетін болған соң әрі қарай көркейтіп дамыту үшін келешек ұрпаққа сақталуы керек.

Биыл аймақта жауын-шашын көп болды. Содан болар, жайқалған жазық даладағы мынадай ғажап көрініс тамашалуға тұрарлық. Дегенмен қызыл кітапқа енген өсімдікті қорғау баршамызға міндет. Сондықтан қызғалдақты қызықтауға келгендермен әуелі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз дейді ауыл әкімі. 

Айбол Ғұбашев, Қайыңды ауылдық округінің әкімі:

- Бұл қызғалдақтардың тамыры өте тереңде. Басқа өсімдіктерге қарағанда пиязшығы болады. Ол өте тереңде жарты метр, метрдің көлемінде. Өзіміз табиғатты аялау мақсатында оларды өздеріңіз көріп тұрсыз, әдемі жайқалып тұрған соң жұлуға қолың бармайды. Басқа шөптерге қарағанда өздеріңіз көріп тұрсыз, жайқалып тұр, егер мал жейтін болса ештеңе қалмайтын еді. Сондықтан мал сүйсініп жейді деп айта аламын.

Әдетте, қызғалдақтың отаны Нидерланд дегенді жиі естиміз. Бірақ, бұл елде қызғалдақ табиғи жағдайда еш уақытта өскен емес дейді ғалымдар. 

Жанат Қажымұратова, биология және экология кафедрасының аға оқытушысы:

– Ілек Алатауының қойнауында, Голландия бізден гибрид жасауға алып отырған атасы деп айтуға болатын кәдімгі регель қызғалдағы, біздің жерде кездесетін шренк, геснер қызғалдағы, барлығы сол Нидерландтағы сұрып алатын кәдімгі қызғалдақтың атасы деуге болады. Сонда қалай ол ел қызғалдақтың отаны болады? Отаны деп аталу себебі – тек қана жаңа сұрыптарды ойлап табуына байланысты.

Ал қызғалдақты не себепті жұлуға болмайды деген сауалымызға ғалымдар былай дейді:

Жанат Қажымұратова, биология және экология кафедрасының аға оқытушысы:

– Гүлдеп тұрған кезде ол еш уақытта тұқым шаша алмайды. Егер де біз оның басын кесіп алатын болсақ, ол тұқым салып үлгермейді. Тұқым салу кезеңі әдетте маусым айына келеді. Бір қорапшаның ішінде 300 қызғалдақ отырады. Айыппұл салу керек деп жатқаны бір жағынан дұрыс. Себебі ол бірден 300 қызғалдақтың кесті деген сөз. Адамдар өздерінің эколгиялық білімінің жоқтығын осы қызғалдақтарды кесіп алып суретке түсу арқылы дәлелдейді.

Елімізде қызғалдақтың шамамен 35 түрі өседі. Соның 18 түрі қызыл кітапқа енген. Ал «Грейг», «Кауфман» және «Шренк» қызғалдағы осы Орал өңіріне тән.  

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...