Шығыс Қазақстандағы жағажайлар шомылу маусымына дайын емес

Арнайы тексеріс жасаған төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері осылай дейді.

Қауіпсіздік шаралары толығымен қамтамасыз етілмейінше жағажайлардың жұмысына рұқсат берілмейді. Маусымның әлі ашылмағанына қарамастан, елде адам шығыны тіркеліп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында мамыр айының басынан 5 адам суға кетіп, көз жұмған.

Шығыс Қазақстан облысында шомылу үшін 16 арнайы орын белгіленген. Одан бөлек, 3 коммуналдық жағажай бар. Біреуі Ұлан ауданында, қалғаны облыс орталығында. Жағажай иелері әлі күнге дейін өзен-көлдердің табанын зерттеп, барлау жұмыстарын жүргізбепті. Құтқару бекеттері мен медициналық пункттер шомылу аумағын анықтайтын арнайы белгілер қоймаған. Балалар үшін қауіпсіз жерлер де көрсетілмепті. Осы кемшіліктер жойылмай, жағажайларда шомылу маусымы ашылмайды. Өйткені былтыр өңірде 31 адам суға кеткен. Көбі Семей мен Өскемен қаласында тіркелді.

Дмитрий Титов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Суға шомылатын жерлер нақты бір шектеулер арқылы белгілену керек, сонымен қатар қайық, катер сынды су көліктеріне арналған арнайы жер қарастырылуы қажет. Бұл барлық жағажайларға ортақ. Тек осы және өзге де талаптар орындалған соң ғана олардың жұмыс бастауына рұқсат беріледі.

Шымкент қаласы аумағында шомылуға болатын 5 демалыс орны бар. Бұл жерлердегі қауіпсіздік шарасына меншік иелері жауапты. Төтенше жағдайлар департаментінен 55 құтқарушы бекітілді. Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері су түбінің қаншалықты таза екендігін тексеріп, дайындық актілерін өткізіп үлгерді. Сондай-ақ тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстары да назардан тыс қалмады. Білім басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік желілерде жадынамалар мен бейнероликтер таратылды. Былтыр мұнда 4 жазатайым оқиға орын алған еді.

Нұржан Қаракөзов, ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Сынған әйнек, шиша немесе басқа да адам өміріне қауіп келтіретін заттарды сүңгуірлер суға кіріп судан алып шығуда. Бұл мекеменің жазғы шомылу кезіндегі демалушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс.

Ақтөбе облысында шомылу маусымы басталмай жатып, суға кеткендер дерегі тіркелді. 6 және 7 жасар бүлдіршін қаза болды. Оқиға облыс орталығы маңындағы Бекқұл баба ауылында орын алған. Балалардың елді мекен іргесіндегі Жаман Қарғала өзеніне қай уақытта кетіп қалғанын ересектердің ешқайсысы байқамапты. Із-түзсіз жоғалған бөбектерді ата-анасы мен ауыл тұрғындары іздеп, таба алмаған соң, құтқарушылардың көмегіне жүгінеді. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары жеткенше 6 жастағы баланың денесі өзен жағасынан табылды. Екіншісін құтқарушылар 7 метр тереңдіктен алып шықты. Жыл басынан Ақтөбе облысының 3 ересек тұрғыны да суға кетіп көз жұмған болатын. 

Руслан Сахиев, Ақтөбе облысының ТЖД басқарма бастығы:

– Оның алдында 4 мамыр, 8 мамыр және 9 мамыр күндері ересек адамдар, біреуі Қобда ауданы, Хромтау және қалада Жіңішке өзенінде суға кеткені тіркелді. 12 мамыр күні осы екі бала суға кеткені факті тіркеліп отыр.

Өзен-көл жағаларын зерттеуге кіріскен құтқарушылар тек рұқсат етілген жерлерде шомылуға кеңес береді. Балаларды қараусыз қалдырмай, қауіпсіздік ережесін әрдайым еске салып отыру керек.