Риддердегі өрт: Даниал Ахметов баспана мәселесін күзге дейін шешуге уәде берді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мердігер ұйымдарының өкілдерімен кездесу барысында өрттен зардап шеккен тұрғындар күзге дейін өз үйлеріне қоныстануы керектігін айтты.

Облыс әкімі компанияларға ұсынылған жобалық шешімдер үшін, сондай-ақ құрылыстың уақтылы және тиімді басталғаны үшін алғысын білдірді.

«Олардың әрқайсысы алдарында тұрған жоғары әлеуметтік жауапкершілікті сезінетіндеріне және өңіріміз үшін маңызды миссияны нақты жүзеге асыруға барлық күш-жігері мен кәсіби тәжірибелерін жұмсайтындарына сенімдімін. Халыққа берілген уәденің бәрі орындалады. Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді», - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Сондай-ақ ол бұл жерде үлкен, сапалы үйлері мен кең, жарық көшелері бар бар заманауи шағын аудан болатынын атап өтті.

«Келесі аптада келісім жасалғаннан кейін жол төсемінің негізін дайындау жұмыстарына кіріседі. Үйлермен қатар бірден жол салып, жарықтандыру жүргізіп, аумақты, соның ішінде балалар мен спорт алаңдарын абаттандырамыз», - деп қосты ол.

24 мамырда күні тұрғындармен тағы бір кездесу өткізіледі. Мердігер ұйымдар құрылыс жұмыстарының барысына қатысты есеп беретін болады.

Еске сала кетейік, 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінде өрт шығып, артынша орманға жайылды. Өртті дер кезінде сөндіруге қатты жел кедергі келтірді: екпіні 20 м/с дейін жеткен болатын.