Қарағанды облысында вакцинаның қос компонентін 60 мың адам алып үлгерді

Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның қос компонентін 60 мың адам алып үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпе ең шалғай елді мекендерге де жеткен. Мысалы Шет ауданында бүгінде 2 мың адам вакцина салдырды. Қиырдағы ауылдарға арнайы мобильді топ барып, егу жұмыстарын жүргізіп жүр.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

- Айбарша Уатханқызы Нұраталды мектебінде 20 жылдан бері мұғалім болып жұмыс істейді. Балаларға зияны тимес үшін о баста вакцина салдырмаққа бекінген. Бүгін екпенің екінші компонентін алуға келіп отыр.

Айбарша Уатханқызы, Нұраталды ауылының тұрғыны:

- 21 күннен кейін екіншісін алуға келіп отырмын. Ешқандай реакция болған жоқ. Өзімнің және отбасымның, туыстарымның денсаулығы үшін алып отырмын. Жоқ, мектептен қысау болған жоқ ешқандай. «Сендер барыңдар» деп ешкімге айтылмады. Өзіміз жауапкершілік алып келдік.

Шет ауданында халықты жаппай егу жұмыстары мамырдың басында басталған. Осыған қарамастан қазір 2 мыңнан астам адам қауіпті індетке қарсы вакцина салдырып үлгерді. О баста «Спутник V» мен QazVac вакциналары салынса, бүгінгі таңда Қытай мен Араб Әмірлігі бірігіп жасаған Hayat Vax әкелінген.

Алпыс Аманжолов, Шет ауданы орталық ауруханасының директоры:

- Біздің ауданда 2 ауруханада вакцина орталығы бар. Бірі Ақсу-Аюлы орталық ауруханасы, екіншісі Ақадыр кентінде. Бүгінгі күні 2 мың вакцина жеткізілген. Бүгінде 2 мың адам вакцина алды. Оның ішінде екі компонент алғандар екі жүзден асты. Вакцина алған халықтың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, ешқандай кері әсері болған жоқ.

Ауданнан шалғай елді мекендерді толық қамту үшін мобильді топ қатынайды. Дәрігерлердің келетіні жайлы ақпарат алдын ала таратылады. Сондықтан халық та құлағдар. Мысалы Өспен ауылына келген мобильді топ бір күнде 35 адамға екпе салған.

Зайраш Кәукенбаева, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Мен екпе салмас бұрын пациенттердің жағдайын жіті сұрап аламын. Мысалы кей адамдар дәрілік заттарға аллергиясы барын ұмытып кетуі мүмкін. Сондай-ақ вакцина салмас бұрын жөтелі, температурасы жоқ екеніне сенімді болуы тиіс. Тек өзін жақсы сезінген, сау адамға ғана екпе егіледі.

Қазір Қарағанды облысының инфекциялық стационарында 1700 адам ем қабылдап жатыр. Оның 80-ге жуығы реанимациялық бөлімде. Тағы 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев