Қызылорда облысында жыл басынан бері бес бала көп қабатты үйден құлаған

Қызылорда облысында жыл басынан бері 5 бала көп қабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен. Соның үшеуі соңғы аптаның үлесінде. Шиелі ауданы мен облыс орталығында болған оқиғалар өзгелерге сабақ болар ма екен?

Осыдан бір апта бұрын Абай даңғылы бойындағы мына үйдің 3-қабатынан 3 жасар бала абайсызда құлап кеткен. Дәрігерлер ауыр халде ауруханаға жеткізілген бөбектің өмірі үшін күресіп, аман алып қалды. Оң-солын танымайтын бүлдіршінді терезеден секіртіп, ата-анасы қайда қарап отыр? Оны полицейлер анықтап жатыр.     

Ғалымжан Нағметов, облыстық полиция департаментінің аға инспекторы:

- ҚР ҚК 141-бабы, яғни балалардың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Орын алған оқиғаларды зерделеу барысында ата-аналардың жасөспірім балаларды қараусыз және кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз бей-жай қалдыру салдарынан орын алуда. 

3 жасар немересін бағатын Тамара Эвальдовна да 3-қабатта тұрады. Шалт бұрылып, жылдам жүгіретін ойын баласын көзден таса қылмай аңдып отыру мүмкін емес. Сондықтан терезеге сақтық құралдарын орнатып алдық дейді, зейнеткер. 

Тамара Попова, қала тұрғыны:

- Балалардың терезеден құлауы жайлы жиі естідім. Елестетудің өзі қорқынышты. Содан немерем туылысымен үйдің барлық бөлмесіне қорғаныш құралдарын орнатып алдық. Ол негізі қымбат емес. Қазір немерем асыр салып алаңсыз ойнап жүр. Өзім де елеңдемей шәйімді ішемін.

Маса, шыбын-шіркей өткізбейтін тор балаға қорғаныш емес. Полицейлер мен төтенше жағдай қызметінің мамандары сақтық шаралары жөнінде тұрғындарға ұдайы түсіндірме жүргіземіз дейді. Тіпті тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың пәтеріне тегін құрылғы орнатып беріп жатырмыз. Бірақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру жайы қиынға соғып тұрғанын айтады. 

Руслан Қайрақбаев, облыстың ТЖД Басшысы:

- Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, волонтерлерді тартып профилактикалық іс-шаралар апта сайын жүргізілуде. Оның ішінде сенбі-жексенбі күндері тұрғындар үйлерінде болатын кезде. Тұрғындарға айтатынымыз балаларды ең бірінші қараусыз қалдырмау. Және де терезенің алдына стол, диван орналастырмауын сұраймыз. 

Өткен жылы 6 бала жоғарғы қабаттан құлған. Биыл мінеки жарты жылға жетпей 5 балғын терезеден төмен түсіп кетіп отыр. Абырой болғанда, бәрі тірі қалды. Алайда қалыпты өмірге оралу үшін олар ұзаққа созылатын оңалту бағдарламасынан өтуі керек.

Авторлар: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев