427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы Суындық каналында күрделі жөндеу басталды

  • 127
  • UPD: 09:57, 17.05.2021

Түркістан облысының Созақ ауданындағы Суындық каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары пайдалануға берілген су арнасы әбден тозған еді. Диқандар зардабын тартып келді. Су қашып, егістікті суғару машақатқа айналған. Енді күрделі жөндеу басталды.

Созақ ауылының тұрғыны Жарас Ермекбаевтың 15 гектар суармалы жері бар. Шаруа бірнеше жылдан бері жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын егумен айналысады. Ауыл халқын ағын сумен қамтамасыз ететін Суындық каналы әбден ескіріп, істен шыққалы бері «суға жарымай келеміз» дейді.

Жарас Ермекбаев, шаруа:

- Күн ысыған сайын су тартыла бастайды. Шілде, тамыз айларында су табу өте қиын болады. Ал енді каналды жөндеп жатыр. Ол бітсе, жүз процент болмаса да толық сумен қамтамасыз етеді ол. Қашан сол канал біткенше су тапшылығы болады. Қазір су жер арықпен келіп жатыр. Білесіздер ыстық, жел судың ысырабы көп болады. Суындық каналы біткен соң сумен қамтамасыз етеді деген үміттеміз.

Созақ ауылдық округін ағын сумен қамтамасыз ететін Суындық каналының күрделі жөндеу жұмыстары ауыл ақсақалдары мен диқандардың өтініші бойынша өткен жылдың маусым айында басталған.

Шаруалардың айтуынша, соңғы жылдары су арнасы шұрық-тесік болып, мүлде жарамсыз болып қалған.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мына лотоктар өткен ғасырдың 1975 жылдары, яғни осыдан тура 45 жыл бұрын төселген. Әбден ескіріп, тозығы жеткендіктен қазір жағаға шығарылып, оның орнына мынадай жаңасы төселуде.

Мамандардың айтуынша, жобаға тапсырыс берген  Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы. Сондықтан су торабының құрылысына облыстық бюджеттен 281 млн теңге қаржы қаралған. Су арнасы толық аяқталғанда жаңадан жүздеген гектар суармалы жер қайтадан айналымға енеді.

Қайырбек Мейірманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұл лоток толығымен ауысқан жағдайда 900 гектар жер қайта айналымға қосылатын болады. Қазіргі шаруалардың игеріп жатқан жері 430 гектар жер. Барлығын қосқанда 1430 гектар жер толық сумен қамтамасыз етілетін болады. Осы жердің барлығынан мал азық шөптері, көкөніс дақылдарын егіп, шаруалар өз-өізн қамтамасыз ететін болады. Жалпы жұмысы сапалы, талаптарға сәйкес, мерзімінде аяқталса деген өтінішіміз бар.

Ал нысан құрылысын басқармаға қарасты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны жүзеге асыруда. Қазір мұнда 18 маман мен он шақты техника дамылсыз жұмыс істеуде. Олар канал құрылысын межеленген уақытта ақтап, тапсырамыз деп отыр.

Нұралы Тілебеков, учаске бастығы:

- Кестеге сәйкес, қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 2400 лоток келіп тұр бізге. Биыл қазан, қараша айларына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. 

Бүгінге дейін ұзындығы 22 шақырым болатын Суындық каналының 14 шақырымы жаңартылған. Қазір лотоктардың екі шетін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар су арнасы күрделі жөндеуден өткен соң Созақ ауданындағы суармалы егіс алқабының көлемі артып ғана қоймай, өнімділік көлемі де ұлғая түсетінін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы