Қостанайда мемлекеттік қызметшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Облыстық аумақтық ветеринариялық бақылау инспекциясының басшысы кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар мемлекеттік қызметішінің ар-намыс кодексін бұзды деген айып тағылып отыр. Нақтырақ айтсақ, жұмыс орнында себепсіз болмай, одан тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланған. Мұндай заң бұзушылықтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент анықтады. Тағылған айыптар бойынша шенеунік өз кінәсін мойындаған жоқ. Күдіктіге қатысты соңғы шешімді сот қабылдайды.

Нұржан Шалов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының орынбасары:

– Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа жолдай отырып, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол ҚР қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша аса ірі көлемде залал келтіруге әкеліп соққан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда.