Қызылордалық инспекторлар ақбөкеннің төлін қорғауға шықты

Қазір киік төлдеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылорда облысында инспекторлар ақбөкеннің төлін қорғауға шықты. «Киік» акциясы жылда өтеді. Арнайы рейд кезінде мониторинг жүргізіліп, жануардың есебі жасалады.

Ақбөкен жылына бір рет, мамыр айының екінші онкүндігінде төлдейді. Алғашқы жылы бір төл, кейін егізден, кейде 3 лақ та туады. Табиғаттың тылсымы болар, қасқырдың жағы қарысып, қарақұстың жұмыртқа басатын сәті де осы кезеңге дөп келеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Көбіне ақбөкендер түйетабан өсімдігі мол жерлерге келіп төлдейді. Өйткені олар лақтарын үлкен жапырақтардың астына жасырып қояды, жыртқыш аңдардан. Ал бір қызығы, осы киік төлдеп болған бойда бұл өсімдік сап-сары болып қурап, жоқ болып кетеді. Бұл да киелі аңның бір қасиеті болса керек.

Қазақстанда ақбөкендердің Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциялары бар. Елімізде соңғы рет киік санағы 2019 жылы жүргізілді. Сол кезде Бетпақдала популяциясы 111 мың 500, Орал популяциясы 217 мың, Үстірт популяциясы 5 мың 900 басты құраған. Барлығы 334 мың 400 бас деп есептелген болатын. Мамандар сайын дала сұлуларын кезекті санау шарасы биыл да жүргізіліп жатқанын айтты. Төлдеу кезеңінде табиғаттың өзі кеңдік жасайтын киікке зобалаң көбіне адам қолынан келеді. Өткен жылдың мамырында қаскөйлер ақбөкенді қырып тастаған еді.

Олжабек Холов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Төлдеу уақытында, 2020 жылы мамыр айында Қызылорда қаласының, Абай ауылының тұсында «Ланд Крузер» автокөлігі тоқтатылып, тексерілген. Бұдан 54 бас киік аңы тәркіленген және 224 дана киік мүйіздері тәркіленген. Бұл бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, Қарағанды облысына тергеу әрекеттерімен басқа істермен біріктірілген.

Киіктің еті мен мүйізін сатып құныққандар табиғат қорғаушылардан айласын асырып-ақ жүр. Браконьерлердің техникалық жабдықтары инспекторлардікінен асып түспесе, кем емес.

Расул Маханов, «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының бас маманы:

– Заңсыз аңға шығатын автокөліктердің іздерін біз жаттап алғанбыз. Енді бұл жерде инспекторлар тұрды деп мәлімет алып қалып, олардың басқа да ұры жолдары көп. Көрінбейтін қуыс жолдар, бірақ көбісі осы жолмен жүреді. Құмкөл жақтан инспекторларды көрді десе, бұл жолмен емес, басқа жолмен айналып өтуі мүмкін.

Дегенмен соңғы жылдары «Охотзоопром» мекемесі жол талғамайтын көліктермен және атыс қаруаларымен қамтылды. Қызыл кітапқа енген аң-құс пен өсімдікті қорғау тұрғысындағы заң қатаңдатылды.

Сәбит Серімбетов, облыстық табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры:

– 2019 жылғы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, ірі залал келсе, топ болып қылмыс жасаса, 7-12 жыл жаза көзделген. Бұрын бұл заңның жазасы тым жеңілдеу болатын. Орташа санатта қылмыстар болатын. Қазіргі орын алып жатқан жағдайларға байланысты заң күшейтіліп, жаза мерзімі ұлғайды.

Айта кетейік, Қызылорда облысында өткен жылы киік атып, мүйізін кескендерге қатысты 6 қылмыстық іс қозғалған. Ал биыл 1 іс тергеліп жатыр екен. Киік төлдеу кезеңіндегі «Киік» рейдтік шарасында браконьерлер кезіккен жоқ. Мамандар да жаза қатайғалы, қарақұйрық пен киікті қыру деректерінің де біршама азайғанын айтады.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов