Түркістан облысы Созақ ауданының шаруалары судан тапшылық көріп отыр

5 жыл бұрын аудан орталығы маңынан «Біресек» су қоймасы салынған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда нысан құрылысы тиісті талаптарға сай емес. Сондықтан арнайы комиссия мүшелері қабылдап алудан бас тартқан. Енді таудан аққан бұлақ суы жерге сіңіп, мыңнан аса гектар суармалы жер игерусіз қалды.

Бұл – созақтық шаруалар көптен күткен «Біресек» су қоймасы. Сыйымдылығы – 2 млн текше метр. Құрылысы 2014 жылы басталып, бірінші кезеңі 2016 жылы аяқталған. Ол кезде облыстық бюджеттен 404 млн теңге қаржы бөлініп, тоғанның бөгеті тұрғызылған. Ал екінші кезеңінде су қоймасының табаны бекемделіп, жарықтандыру, қоршау, су өлшейтін құралдар мен бейне бақылау камералары орнату сияқты ең маңызды гидротехникалық жұмыстар атқарылуы тиіс болатын. Алайда қажетті қаржы әлі күнге дейін бөлінбей келеді. Аудандық құрылыс бөлімінің мамандары қаржы мәселесі шешілсе, құрылыс жұмыстарын 9 айдың ішінде толық бітіреміз деп отыр.

Әлімжан Иса, аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

– Гидротехникалық жүйесі деген – табанына мембрана төселу керек. Мембрана – пленка болып есептеледі, үстіне топырақ төгіледі. Сол себептен астына су кетпейді. Екінші кезеңінің құны – 2 млрд 375 млн теңге. Біз құжаттарды қаржыландыру үшін облыстық құрылыс басқармасына барлығын өткізіп қойдық.

Бұл – Көкбұлақ өзені. Судың негізгі бөлігі жер астынан шығып жатыр. Қалған бір құлақ еріген қар суы таудан келіп қосылады. Мамандардың айтуынша, қыс, көктем мезгілдерінде Көкбұлақ өзеніндегі ағынсудың көлемі секундына 1200 текше метрге дейін жетеді. Ал жаз шығып, күн ыси бастағанда бірден тартылып кетеді. Шаруалар тіршілік нәрінен тарығып, еккен егініне су жеткізе алмай қиналады. Сондықтан мамандар көктемгі мол судың қорын ысырап қылмай жинап алу үшін «Біресек» су қоймасы құрылысының тезірек аяқталғанын қалайды.

Қайырбек Мейірманов, Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Шілде айларында бұлақ көздері тартылып, былтырғы жылы секундына 250-300 текше метрге дейін су деңгейі азайып кетті. Яғни судың нағыз керек кезінде шаруаларға су жетіспейді. Көктемдегі 1200 текше метр суымыз босқа тастаққа сіңіп жатады. Ендігі мақсатымыз – тоған іске қосылатын болса, далаға кетіп жатқан суды «Біресек» су қоймасына толтыру арқылы шаруаларға шілде айында қысылмай су беретін едік.

Мамандардың айтуынша, Көкбұлақ өзенінің бойында 1170 гектар суармалы жер бар. Бірақ шаруалар жазда судың тапшылығына байланысты соның тек 500 гектарын ғана пайдалуға мәжбүр. Қалған 680 гектар суармалы алқапқа тіршілік нәрі жетпейді. Егер «Біресек» су қоймасы іске қосылса, 680 гектардан басқа, тағы 500 гектар суармалы жер жаңадан айналымға енеді. Сонда барлығы 1680 гектар алқап ағын сумен толық қамтылатын болады. Бұдан бөлек, тағы Шолаққорған ауылындағы 400-ден астам түтіні бар 7 көшеге ағын су жеткізіледі.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы