426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мектептегі қауіпсіздік көзбояушылық па?

  • 231
  • UPD: 10:53, 18.05.2021

Мемлекеттік мекеме мен білім ордаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, елорда мектептерінде турникет қойылып жатыр. Ал лаңкестікке қарсы күрес талаптарын сақтамаған 4 ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Таяуда ғана Татарстан Республикасының Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін жергілікті мектептердегі қауіпсіздік жағдайы өзектілене түскені рас. Қазір біз нөмірі 7 мектеп-гимназияны тексеріп көреміз. Мен ішіндегі оқушының ағасы ретінде кіруге тырысамын.

Бұл жерде турникет сәл де болса қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Өйткені кезекшіліктегі қызметкер күдіктіні ішке қарай өткізбей, сұрақ астына алды. Ал күдігі расталған жағдайда бірден дабыл белгісін басып, полицияға хабар беретін еді. Яғни жүйелі әрекет қабылдауға аз да болса уақыты бар. 65 мектеп-гимназияға да бардық. Турникеттен ары аса алмадық.

Сая Тұрғынова, №65 мектеп-гимназияның инспекторы:

– Қандай да бір оқыс оқиға болатын жағдайда, кіреберістегі күзет міндетті түрде хабарлайды. Немесе өзінің қасында кіреберісте вахтада тұратын дабыл батырмасын басып, шақыруға болады.

Дабыл пернесін басқаннан кейін тәртіп сақшылары 5-10 минутта келіп болады дейді маман. Қызыл пернені басып тексеріп көргіміз келген. Бірақ жалған қоңырауға рұқсат бермеді. Мектеп ішінде 71 бейнекамера бар. Оның ішінде 17-сі «Сергек» жүйесі арқылы бақыланады.

Әділжан Мәліков, күзет агенттігі директорының орынбасары:

– Мектеп пен мектепке дейінгі білім беру мекемелері күзет агенттігін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы табады. Өкінішке қарай, қызмет құны ең төмен агенттіктерге басымдық береді. Сәйкесінше, жұмыс сапасы да төмендейді. Дабыл пернесін де орнайтпайды. Мәселен, жыл басынан ешбір білім беру мекемесінен тапсырыс алмадық.

Ал ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі Татьяна Коршунова бұл мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек дейді. Оның айтуынша, психологтардың қызметін үдету керек.

Татьяна Коршунова, ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Қазан қаласында болған сұмдық оқиғада бәрі күзет қызметіне мән беріп кетті. Балалар психологиясын зерттеу, олармен дұрыс жұмыс істеу сияқты мәселелер тасада қалды. Қылмысқа барып қалады-ау деген жастарды алдын ала анықтап отыру керек. Ал ол үшін ата-аналар оқшауланбай, мұғалімдермен тығыз жұмыс істеуі керек.

Мектептердегі қауіпсіздік деңгейін тексеру қорытындысы бойынша оқу жылы басынан бірқатар заң бұзушылық анықталды. Мәселен, білім беру ұйымдарында лаңкестіктің алдын алу шаралары талапқа сай келмегендіктен басшылық қызметтегі 4 маман әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта елордада антитеррорлық қауіпсіздік бойынша 107 мектеп бақылауға алынды.

Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы