СҚО-да орманға баруға тыйым салынды

Арнайы қаулы бекітіліп, 22 мамырдан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрт шығу қаупі жоғары кезде табиғат аясына шыққандар енді айыппұл төлеуі мүмкін.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Қаланың күйбелең тіршілігінен шаршаған солтүстікқазақстандықтарға саф ауамен демалуға шектеу қойылып отыр. Енді бұдан былай ауа температурасының жоғарылауына байланысты тұрғындарға орманға келуге рұқсат жоқ.

Әрине, мұның барлығы сақтық шаралары. Яғни азаматтардың қауіпсіздігімен орман өртін алдын алу үшін билік осындай қадамға барған. Бірақ халық онымен келіспей отыр.

Кирилл Залесных, қала тұрғыны:

– Салқын, жауынды күні де орманды өртеп жіберуге болады деп ойлаймын. Бұл енді әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан шығарған қаулы ақылға қонымсыз деп есептеймін.

Елена Маслова, зейнеткер:

– Адамдар орманға таза ауамен демалуға келеді. Мұнда тынысың ашылып, рахаттанасың. Егер рұқсат берілмесе, онда курортық орындарға да баруға болмайды деген сөз ғой.

Жаздың аптап ыстығында мемлекеттік орман қоры аумағына бармау туралы қаулы қабылданып қойды. Аталған құжат әділет департаментінде де тіркелді.

Айнар Махметова, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл сұрақ жан-жақты талқыланып, қоғамдық тыңдаудан өтті. Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпті кезең 12 сәуірден бастап, қараша айына дейін жалғасады. Бірақ осы уақыт аралығында табиғат аясында демалып, жеміс-жидек теруге бола ма? Бұл сұрақ көпті мазалап отыр.

Дмитрий Растихин, облыстық ТЖД басқармасының басшысы:

– Қандай да бір температуралық режим сақталу керек. Мәселен, осы демалыс күндері облыста күн өте ыстық болды. Сәйкесінше біз дабылды ескерту жарияладық. Сондықтан құжатта әлі шикілік бар.

Қаулы осы сенбі күні заңды күшіне енеді. Оның орындалуын арнайы мобильдік топтар қадағалайды. Тұрғындар тарапынан сұрақ көп, бірақ әлі жауап жоқ. Сондықтан құжат тағы бір пысықталса деген халықтың тілегі бар.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев