Елімізде маусым айының 1-нен бастап жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құжатта тұрмыстық қалдықтарды арнайы зауыттарда өртеу арқылы электр қуатын өндіру ұсынысы жазылған. Алайда экологтар бұған наразылық танытты.
Қазақстан экологтары тұрмыстық қоқысты өртеуге қарсы. Олар бұл мәселе жөнінде қандай да бір шешім қабылдаудың әлі ерте екенін ескертіп, Үкімет пен мүдделі мемлекеттік мекемелерден мәселені қоғамдық талқылауға салуды сұрады. Бүгін Алматыда өткен конференцияда барлық экологиялық ұйым өкілдері осылай деді.
Вадим Ни, «Әлеуметтік-экологиялық қоры» қамқорлық кеңесінің төрағасы:
- Қоғам еліміздің Экология министрлігінің бұл бастамасын алғашқы кезеңде тоқтату қажет екенін түсінеді. Оның кейбір ережелерін депутаттар мақұлдаған. Бірақ Үкіметте тыңғылықты қаралғаны күмән тудырады. Ол тек Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі деңгейінде ғана қабылданып отыр. Бұл мәселе қоғамдық талқылауға салынбады. Біз соны өткізуді көздейміз.
Экологтар еуропалық тәжірибені алға тартып отыр. Мысалы, Италияның Брешиа қаласында қоқыс өртейтін зауыт салуға 1 млрд доллар қаржы жұмсалғанымен, небәрі 80-ақ жұмыс орны ашылыпты. Ал тұрмыстық қалдықты өртеген кезде өндірілетін электр қуатының бір киловаты орта есеппен 129 теңгеге жетеді. Бұл өте қымбат. Салыстырмалы түрде алсақ, көмірді жаққанда пайда болатын электр қуатының құны киловатына 8 теңге ғана. Бірақ негізгі мәселе бұда емес дейді экологтар. Олардың пікірінше, қоқысты қанша өртесе де, қалдық бәрібір қалады. Ал шыққан күлді шығаруға арнайы полигон керек болады.
Ол қайтадан күресінге айналады. Қазақстанда қоқысты бөлек жинаудың ортақ жүйесі жоқ. Сондықтан оны жаппай өртеу атмосфераны ластандырады дейді экологтар. Дегенмен мемлекеттік мекеме өкілдерінің пікірінше, бұл мәселені қайта көтеруге енді кеш екен.
Қонысбек Байеділов, қалалық экология департаментінің басшысы:
– Мемлекеттік саясатты әрі қарай жүргізу – біздің негізгі мақсатымыз. Заңдылықты негізгі ұстанымға аламыз. Сондықтан бұл жобаны ары қарай жалғастыру дұрыс деп санаймыз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды өртейтін өндіріс салу туралы нақты жоба жоқ. Бірақ ол салынған жағдайда ірі қалалардың жанында бой көтеретін болжау қиын емес. Бұл мәселедегі кез келген жоба алдымен қоғамдық пікірді ескеріп, талқылануы керек дейді экологтар.
Алмас Садуақас, Радик Жақыпов