Теңізшевройл – ең үздік жұмыс беруші

Мұнай-газ компаниясы екінші жыл қатарынан Қазақстандағы ең үздік жұмыс беруші деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Randstad Employer Brand Research зерттеуіне сәйкес, «Теңізшевройлдың» үздік болуына компаниядағы қаржылық тұрақтылық пен мансаптық мүмкіндіктер негізгі фактор болыпты. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да басты назарда. 

«Теңізшевройл» компаниясын еңбек нарығында тартымды компания еткен әлеуметтік қорғау және тұлғаны дамыту мүмкіндіктері. ТШО қызметкерлерге балаларының демалысы мен біліміне өтемақы төлейді. Сондай-ақ медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіп, үй сатып алуға да көмектеседі. Қызметкерлерге әлеуметтік пакетте көптеген артықшылық мен жеңілдік ұсынып келеді. Тек соңғы екі жылда ТШО өз қызметкерлеріне 210 тұрғын үй несиесін беріп, 102 студентке көмек көрсетті.

Серік Кенжеев, «Теңізшевройл» ЖШС заң бөлімінің қызметкері:

– Мен өзім осы компанияда жұмыс істеймін. Бұл корпоративтік мәдениеті жоғары және жұмыс атмосферасы аса қолайлы компания. Мұнда көптеген кәсіби мамандар жұмыс істейді. Мысалы, мен ТШО-да жұмыс істейтіндігімнің арқасында АҚШ-тағы турнирде жүлделі орынға ие болдым.

2008 жылдан бастап компания ұлттық кадрларды дамытуға 82 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Бүгінде «Теңізшевройл» компаниясында негізгі өндіріске тартылған казақстандық қызметкерлердің үлесі 93%, ал басшылар құрамы 86% құрады. Бұл ретте адами капиталды дамытуға ерекше мән беріледі.

Камшат Байжанова, «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджері:

– Адамдар біздің ең құнды ресурстарымыз, сондықтан біз өз қызметкерлеріміздің әлеуетін дамытуға, салауатты корпоративті мәдениетті сақтауға және жайлы, қауіпсіз жұмыс ортасын құруға басты назар аударамыз. Жыл сайын лауазымдары өскен қызметкерлер саны көбейіп отырады. Біз оларды мақсатты бағытталған дамыту, ұтымды әлеуметтік пакет және бәсекеге қабілетті жалақы ұсыну арқылы ынталандырып, ұстап тұра аламыз.

Айта кету керек, 2010-2019 жылдар аралығында «Теңізшевройл» компаниясы арқасында Қазақстанда 140 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. ТШО-дағы бір жұмыс орны ел экономикасындағы басқа 39 жұмыс орнын құруға ықпал етеді.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Сондай-ақ...